Қаламыздағы көпқабатты үйлер қабырғаларына муралдар салынып жатқаны жайлы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанбыз. Бүгінде көркем кескіндеме салынуға тиіс 9 үйдің төртеуінде бұл жұмыс аяқталыпты.
Бастапқыда Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 42-үйдің қабырғасына батыр Бауыржан Момышұлының, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 71-үй қабырғасына ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының портреттері салынған болатын. Енді, міне, ән көгінде «Қорланымен» мәңгілік махаббат ескерткішін қалдырған ақын-сазгер Естай Беркімбаев пен Кеңес Одағының Батыры атағын тұңғыш иеленген қазақ қызы Мәншүк Мәметованың портреттері Беркімбаев көшесі, 112 және Королев көшесі, 92 (Мәметова көшесімен қиылыста) үйлер қабырғаларынан менмұндалап тұр.
Нақтылап өтсек, 2025 жылы муралдар салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген: мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде «EMD-group» ЖШС-мен 39,2 млн. теңгеге келісімшарт жасалған. Мұндай көркем кескіндемені көпқабатты 9 үй қабырғасы мен 641 шаршы метр қоршауға салу жоспарланған.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА
