9 мамыр – Жеңіс күні, ел-жұрттың қуанышын құптағандай, табиғат та тамылжып тұрды. Тарих бетінде бедерленген мерекенің 80 жылдығын атап өтуге өлеңтіліктер тыңғылықты әзірленген екен. Даңқ тұғыры орнатылған көше бойына өлеңтілік майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің фотосуреттері бейнеленген баннерлар орнатылыпты. Әр фотоға зер сала қараған адам ойға шомып, соғыс қасіретін еске алғаны кәміл. Көп баннердің бірінде майдангер Дүзен Жақсыбергенов бейнеленіпті. Билборд түбінде бір тал гүл ұстаған әйелді көріп, қасына бардым. Майдангер әкесінің рухына тағзым жасап тұрған қызы Шолпан апай екен…
Өлеңті-Тай ауылындағы мерекелік шара шерумен басталды. Көк байрақты желбірете ұстаған топ салт атты жігітке ілескен жеңіл көліктер дабылдата жүріп көшелерді айналып, саябаққа келіп тоқтады. Мәңгілік алау қасында әскери киім киген мектеп оқушылары – Темірлан мен Елжас күзетте тұр. Бер жағында – сап түзеген мектеп оқушылары. Жиналған қауымды Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев құттықтап, мерекелік шараны ұйымдастырған азаматтарға алғыс хаттар табыс етті. Содан соң Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, «Құрмет» орденінің иегері Манат Алғамбаров және тағы басқалары жылы лебіздерін білдіріп, бейбіт заманның қадірі жайлы сөз қозғады. Мұғалімдер мен оқушылар қосылып ән шырқап, Жеңіс жайлы тақпақтар оқып, үлкен-кішінің көңілін толқытты. Соғыс құрбандарын еске түсіру мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланып, гүл шоқтары қойылған соң, ауыл имамы Темірболат Қасымов құран оқыды.
Мереке ары қарай бағдарламаға сай жалғасып, қонақтар мектеп музейін аралап, клубта ауыл өнерпаздарының күшімен қойылған концертті тамашалады. Бұл уақытта мектеп ішінде балалар асық атып, тоғызқұмалақ ойнап жатты. Асық атудан бірінші орынды Данияр Сәбитов, екінші орынды Мансұр Қайырханов, үшінші орынды Санжар Жасқайрат иеленіп, Ізен ұрпақтары тіккен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Өзге спорттық жарыстар футбол алаңы жанында өтті. Спорт ардагері Ермұрат Шайкеновтің ұйымдастыруымен жігіттер 32 килолық гір тасын көтерді. Қаражарлық азамат – Талап Қасымов гір тасын 27 рет қақпақыл етсе, Төртүй ауылынан келген 16 жасар бозбала Әмірхан Кенжетай 29 рет көтеріп, жеңімпаз болды.
Арқан тарту сайысына бірнеше команда қатысты. Сол командалар арасында ақкөлдік жігіттерге ешкім тең келмеді. Екінші орынды талдықамыстықтар иеленді. Талдықамыстың туын желбіреткен жігіттер арасында сол ауылдың тумасы, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Иманқұлов та болды. Үшінші орынды өлеңтіліктер еншіледі.
Өлеңті-Тай ауылындағы тойдың бір ерекшелігі – 7-9 жастағы балалар қозы көтеріп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Біреу баласын, енді біреу немересін қатыстырған жарыста балақайлар намысқа тырысып бақты. Астана қаласынан ауылға қонаққа келген Санжар Жасқайрат бұйра жүнді момақан қозыны 55 рет көтергенін місе тұтпай, ағасы Ерболат «жетеді» десе де, соңғы күшін сарқып қозыны тағы бірнеше мәрте көтеріп, жиналған қауымның қолпаштауын көрді. Десек те бұл сайыста жеңімпаз Данияр Сәбит болды.
Қошқар көтеруде Май ауданы Қаратерек ауылының азаматы Халел Диас жеңіске жетті. Ол бір күн бұрын Зеленая роща ауылында да олжалы болған еді.
Түс әлетінде ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып әлденіп алған қауым бәйге алаңына жиналды. Жеті тай 6 шақырым қашықтыққа жіберіліп, ақкөлдік Еркебұланның торы тайы бірінші келіп, 200 мың теңге жүлдені олжалады. Екінші орынды иеленген жирен тайдың иесі – ақкөлдік Азаматқа 100 мың теңге сыйлық табыс етілді. Үшінші орынды Қойтас ауылынан Әсеттің кері тайы, төртінші орынды Тай ауылынан Қуанның көк тайы иеленіп, ақшалай сыйлықтар берілді. Тай жарысының жүлделік қорын соғыс ардагері Сапа Әшіровтің ұрпақтары көтерді.
Қазақы аттар бәйгесінде Тай ауылынан Бектастың құласы көмбеге бірінші болып жетті. Ат иесіне 100 мың теңге ақша мен 1 қойды Жасұлан Бейсенов атады.
Екінші орынды еншілеген Мақсаттың күреңі де жүлдесіз қалған жоқ. Иманқұловтар отбасы 100 мың теңге сыйлық табыс етті. Аманның торысы үшінші келіп, жүлдеге қор есебінен 30 мың теңге және Тоқан Қиясов отбасынан бір қой берілді.
Топ бәйге қашықтығы 15 шақырым болды. Тай ауылының мерейі өсіп, Бешейханның қарагері озып келді. Демеуші – Ажы ауылы азаматы Қаныш Әубәкіров, жүлде – тай.
Зеленая роща ауылының атбегісі Мараттың көк аты көмбені екінші болып қиды. Өлеңті орта мектебін 1996 жылы бітірген түлектер атынан жүлдеге 200 мың теңге табыс етілді.
Төртүйлік Ермектің қарақасқасы үшінші келіп, жүлдеге Малтай ұрпақтары 100 мың теңге ұсынды.
Бұл жолы аламан бәйгеде жүйріктер 21 шақырым қашықтыққа жіберіліп, Төртүй ауылынан Айдынның торы шұбары алдына қара салмады. Қойтас ауылының азаматы Әсет Қанапьянов оған бір құнан атады. Екінші орынды Тай ауылынан Беделханның күрең аты еншілеп, жүлдеге Тәуірбаевтар әулеті 300 мың теңге берді. Ажы ауылы да жүлдеге ілікті. Қаныштың торысы үшінші келіп, майдангер Мұсабек ата ұрпақтары, Жанболат Оспанов жүлдегерді 200 мың теңгемен марапаттады.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, жыл сайын көріп жүргеніміздей, өлеңтіліктер биыл да Жеңістің 80 жылдығын елдің жадында қалардай етіп жоғары деңгейде өткізе білді. Игі дәстүрді көкірегіне ұялатқан жас буын жетілген соң әке-ағаларының жолын жалғап, Өлеңтінің туын жықпайтыны кәміл.
Ж. Сәдуақас
