Екібастұз қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай алғаш рет мұғалімдер арасында «Өткен тарих – мәңгі ел есінде» атты сахналық қойылымдар байқауы өтті. «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өткен ерекше форматтағы шара Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен, қалалық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Өңіріміздің жеті мектебінен жиналған мұғалімдер ұжымдары сахна төріне шығып, соғыс даласындағы ауыр тағдыр мен тылдағы аналардың зарын, сондай-ақ, ұлттық рух пен елдік мұратты көркем образдар арқылы жеткізуге тырысты. Байқауға нақты талаптар қойылып, сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталды.
Алғашқы болып өнер көрсеткен №26 гимназия-мектебінің мұғалімдері «Жарық күн» әдеби-сазды композициясымен баласын майданға шығарып салған ананың жан дүниесіндегі қасірет пен үмітті бейнеледі. Жат жерде жан тапсырған ұлының қазасын естіген ананың ішкі күресін, көз жасын сахна тілімен сезіндіре алған қойылым көрермендерді қатты толқытты.
Одан кейін сахнаға көтерілген №10 мектеп ұжымы «Үйге апарар жол» қойылымында елге оралған жауынгердің ішкі күйзелісі мен туған жерге деген сағынышын әсерлі жеткізсе, №11 мектептің «Bes Assyl» театры дайындаған «Жеңіс жалауы» қойылымы Рақымжан Қошқарбаевтың тарихи ерлігі – Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен сәтін сахнада жаңғыртты. Отан алдындағы антқа адалдық пен қайтпас қайсарлық тақырыбы терең қозғалған бұл туынды көрермен көңілінен шығып, елдік рухты оятты.
Байқауда әр қойылымның идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшелігі айқын байқалды. Мәселен, №22 гимназия-мектебінің «Ерлік жолымен» театры «Жеңіс – оңай жетпеді» атты қойылымында Ленинград құрсауындағы халықтың жағдайын шынайы көрсете алды. Бұл туындыда Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі көрініске тереңдік беріп, ананың зарынан бастап бейбіт өмірге деген аңсар да бейнеленді.
Өз кезегінде №18 мектеп ұжымы соғыс жылдарындағы жастық пен үміт тақырыбын қозғап, жас ұрпаққа ерлік пен патриотизмді дәріптейтін мазмұнды қойылым ұсынды. Ал №25 қазақ қыздар гимназиясы «Отты жылдар жаңғырығы» арқылы майдан шебіндегі жауынгердің хатын жеткізген медбике мен тылдағы еңбек адамдарының тағдырын қатар өріп, сахналық тұтастық пен эмоционалдық тереңдікті шебер үйлестірді.
Қарасор ауылы мектебі де байқауға өзіндік қолтаңбасымен қатысып, ауыл мұғалімдерінің шынайы эмоциясы мен ықыласы көрермен көңілін баурап алды. Көрермендер тарапынан жүргізілген онлайн дауыс беру нәтижесінде бұл мектеп ұжымы «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды.
Шара соңында өткен марапаттау рәсімінде үздік деп танылған ұжымдарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде – 80 мың теңге көлеміндегі сертификат №25 қазақ қыздар гимназиясының ұжымына бұйырды. І орынды №26 гимназия-мектебі иеленсе, ІІ орынға №22 гимназия-мектебі мен №11 мектеп лайық деп танылды. Ал №10 және №18 мектеп ұжымдары жүлделі ІІІ орынды қанжығалады.
Ділназ Серікбай

