Қала әкімі Аян Бейсекин 14 мамырда көпбалалы аналармен кездесті. Шара барысында қала басшысы ел демографиясына үлес қосып жүрген аналарды құттықтап, оларға гүл шоқтарын ұсынды.
– Мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, ұрпақ тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін. Аналарымыздың зор еңбегі мен мейірімділігінің арқасында отбасы тұтастығы сақталуда. Олар еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесін жадынан шығарған емес, – деді Аян Уахитұлы салтанат иелеріне арнаған сөзінде. – Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Дені сау ана салауатты ұрпақ өсіреді. Ұл-қыздарыңыздың жолы ашық, қадамдары нық болсын!
Бұл күні Фатима Аяш, Кәмшат Әбілдаева, Кенжегүл Рахметова, Шолпан Уақбаева «Алтын алқа» тақса, Гүлшарат Арызбекова, Назымгүл Ильясова, Нұрлан Исахан, Маржан Қабылбекова, Самал Қайырбаева, Елена Кремнева, Салтанат Құсайыновалар «Күміс алқа» иесі атанды.
Елена Кремнева – алты баланың анасы. Бала тәрбиесіне ата-әжесі көмектесетінін айтқан Елена көпбалалы болудың өзіндік қиындығы барын жасырмады.
Жеті баланы асырап-баққан Кәмшат Әбілдаева «Бала – өмірдің гүлі» деп санайды. Үлкені 17-ге аяқ басқан. Ал кішкентай сәбиі бір жарымда ғана. Балалары оқуда озат, спортқа жақын. Сегізінші сәбиін күтіп жүрген алтын құрсақты ана әрдайым бейбіт өмір мен ұл-қыздарының амандығын тілейді.
Салтанатты шарада Болатбек Шаланов, Нұрмағанбет Захан ән айтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ