9 мамыр күні қаламыздағы кәсіпорындар, білім беру ұйымдары мен түрлі сала өкілдері Даңқ ескерткішінің алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Екібастұздықтар майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Салтанатты рәсімге қала әкімі Аян Бейсекин, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, полиция басқармасы өкілдері, депутаттар және қала тұрғындары қатысты.
Обелиск алдындағы алаңда тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, сап түзеген еңбек ұжымдары мен ұйым өкілдері үнсіздікпен жауынгерлер рухына тағзым етті. Жиналған қауымның көңілін майдан жылдарының әндері тербетіп, «Достық үйінің» және «Замандастар – құрдастар» ардагерлер хорының орындауындағы патриоттық туындылар алаңға айрықша әсер берді.
Бүгінде өңірімізде 346 тыл ардагері және Ленинград блокадасы тұрғыны өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысы – тарихтың тірі куәгері. Салтанатты рәсім соңында қатысушылар үшін дала асханасы ұйымдастырылып, келгендерге ыстық солдат ботқасы ұсынылды.
Ділназ Серікбай