7 мамыр күні Екібастұз қаласында Отан қорғаушылар күніне арналған «Ел қорғаны – ерлік» атты патриоттық іс-шара өтті. Мереке аясында «Қазақстан» орталық алаңында LED экран орнатылып, қала тұрғындары Астана қаласында өткен әскери шеруді тікелей эфирде тамашалады.
Іс-шара салтанатты түрде Мемлекеттік Туды сахнаға алып шығу рәсімімен ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толғаны да ерекше атап өтілді. 1992 жылы құрылған бұл әскери құрылым бүгінде мемлекеттің егемендігін қорғауға қабілетті, кәсіби тұрғыда қаруланған және тұрақты дамып келе жатқан күш ретінде танылып отыр.
Шарада 10 жас азаматты әскери борышын өтеуге шығарып салу рәсімі өтті. Сап түзеген бозбалалар сахнаға көтеріліп, естелік сыйлықтарға ие болды. Болашақ сарбаздарға қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім басшысы Махамбет Түсіпбеков жылы лебізін білдіріп, сәт сапар тіледі.
Қазіргі таңда ҚР Президентінің 2025 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес
(1 наурыз – 30 маусым аралығы), Екібастұз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімінің басшысы, майор Абылай Ахметжановтың айтуынша, көктемде қала мен өңірден 18-27 жас аралығындағы 150-ден аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Мерекелік кеште патриоттық әндер шырқалып, шараның рухын арттыра түсті. Медет Серікұлы мен Алмас Еділбаевтың орындауындағы «Далада» және «Ұлан шеруі» әндері көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.Сонымен қатар, қала колледждері арасында өткен «Рух» әскери-патриоттық сайысының қорытындысы жарияланды. Саптық дайындық, әскери білім және топтық үйлесімділік бойынша сынға түскен студенттер арасынан Қосым Пішенбаев атындағы тау-кен техникалық колледжі бірінші орынды жеңіп алып, 50 мың теңге сертификат пен кубокқа ие болды. Екінші орынды — Екібастұз политехникалық колледжі (30 мың теңге), үшінші орынды Екібастұз инженерлік-техникалық институты (20 мың теңге) иеленді. Ал Екібастұз медициналық колледжі қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жеңімпаз командалар саппен жүріп өтіп, сахнада рухты әскери әндер орындады. Бұл шара елін сүйген ерлерге тағзым етіп, жастардың патриоттық рухын оятқан мазмұнды мерекеге айналды.
Ділназ Серікбай
