8 мамыр күні Екібастұз қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Orica Қазақстан» акционерлік қоғамының 150 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды.
Игі бастаманы Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ішкі саясат бөлімі және жастар бастамаларын дамыту орталығы бірлесіп жүзеге асырды.
Шараға қала ардагерлері, жастар мәслихатының депутаттары, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Қатысушылар қала аумағында 80 түп ағаш отырғызып, бейбіт өмір мен болашақ ұрпаққа деген құрметтерін білдірді.
Аталған акцияға қолдау білдірген «Orica Қазақстан» АҚ — өнеркәсіптік жарылғыш заттар өндіретін халықаралық компанияның Қазақстандағы өкілдігі. 150 жылдық тарихы бар Orica компаниясы өндірістік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып көптеген экологиялық және қоғамдық бастамаларды қолдап келеді.
Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыстарын білдірді. Бұл игі бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, жастар арасында табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Ділназ Серікбай
