Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қала әкімі Аян Бейсекин ардагерлердің үйлерін аралап, мерекемен құттықтады. Ең алдымен ол мемлекеттік қызмет ардагері, Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, өмірін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнаған Әди Әлкебаевтың үйіне барды. Әди ақсақал қонақтарын дастархан жайып күтіп отыр екен.
— Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге орасан үлес қостыңыз. Зоотехник болдыңыз, агроөнеркәсіптік бірлестікті басқардыңыз. Аға буынның еселі еңбегін елі ұмытпақ емес. Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас қуат тілеймін! — деген қала әкімі ардагердің өңіріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтойға арналған медаль тақты.
Дастархан басында Әди Әлкебайұлы жастарға тағлымды сөз айтып, балалық шағындағы қызықтар мен соғыстан кейінгі жылдардың қиындығы туралы әңгімеледі. Айтуынша, алты жасынан ауыр еңбекке араласып, егістік басында жұмыс істеген. Соған қарамастан, өмір жолында көптеген жақсы адамдар кездескенін айтқан қария өзара көмек пен қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Әди Әлкебайұлы Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында туған. 1949-55 жылдары мектеп-интернатта оқып, 1958 жылы зооветеринарлық техникумды тәмамдаған. 1970 жылы Семей ауылшаруашылығы институтын бітірген соң зоотехник, бас зоотехник болып жұмыс істеді. Кейін совхоз директорлығына көтерілді. 1979-80 жылдары Екібастұз ауданы ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Кейін Екібастұз аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы болды, 1991-92 жылдары Екібастұз ауданы әкімдігінде жұмыс істеді. Ерен еңбегі үшін кейін «Қала алдындағы сіңірген еңбегі үшін», «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды.
Ә.Әлкебаев зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық өмірге белсене араласып, кейінгі буынға ақыл-кеңес беріп жүр. Қоштасарда ақсақал елімізге бейбіт күн тіледі.
Бұдан соң қала әкімі қоршаудағы Ленинград тұрғыны Виолетта Светличнаяны құттықтай барды. Білім саласының ардагері атаулы күндерде назардан тыс қалдырмайтын қала басшысын қуана қарсы алды.
Виолетта Готфридовна балалық шағын еске түсіргенде үнемі көзіне жас алады. «Мен ол жылдарды әлі ұмытқан жоқпын. Күні кешегідей көз алдымда. Аштық пен суыққа, ауыр еңбекке төзе жүріп біз жеңіске сендік. Бізді бейбітшілік өмірге жеткізген батырларға аса қарыздармыз», – дейді ол.
1936 жылы Ленинград қаласында туған В.Светличная қоршауға алынған қаладан алты жасында, яғни, 1942 жылы эвакуацияланып, Алтайға жіберілді. Жоғары білім алып, Алтай өлкесінде мұғалім болды.
Біздің қаламызға 70-ші жылдары қоныс аударған екен. Елу жылға жуық өмірін педагогикалық еңбекке арнаған ол «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Зейнетке шыққан соң да біраз уақыт бойы мұғалімдік қызмет атқарды. Әлемде бейбітшіліктен қымбат нәрсе жоқ деп білетін ардагер осы қасиетті ұғымды оқушыларының құлағына құйып өсіргенін айтады.
— Мәскеудің тағдыры қыл үстінде тұрғанда қазақстандық жауынгерлер — панфиловшылар жанқиярлықпен қорғады. Сол шайқаста Бауыржан Момышұлы басқарған батальон асқан ерлік көрсеткен еді. Бүгінде хас батырдың атындағы көшеде тұратынымды мақтан етемін, — деді Жеңіс күні батырлар ерлігін тілге тиек еткен В.Светличная.
Сөз арасында Виолетта Светличная Жеңіс күніне орай Ресейдің Санкт-Петербург қаласының губернаторы А.Беловтан құттықтау хат алғанын мақтана жеткізді. Өз кезегінде қала әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтойлық медаль мен құттықтау хат табыстады.
Г.Медеубайтегі
