Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Екібастұз қаласына жұмыс сапарын «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-нен бастады. Оларды қарсы алған бас директор Асан Наурызғалиев кәсіпорынды аралатып, ондағы жұмыс барысын таныстырды. Блоктар жұмысының маңыздылығы туралы айтқан А.Наурызғалиев 2027 жылы тағы бір энергоблок іске қосылатындығынан хабардар етті.
Бұдан әрі қонақтар басқару қалқаны мен цехты көріп, ондағы қызметкерлермен сөйлесті. Машинистер төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар туралы әңгімеледі. Айта кетсек, кәсіпорындардағы мамандардың көбі жергілікті азаматтар — осындағы колледждер мен инженерлік институттың түлектері. Мұнда, сондай-ақ, персоналды оқыту кәсіпорын есебінен жүргізіледі.
Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Ақмарал Сейдіғалиева «МАЭС-1» ЖШС-інде жұмыс істейтін әйелдер қауымы туралы әңгімеледі. Айтуынша, кәсіпорында еңбек ететіндердің 20%-ы — әйелдер. Олардың көбі химиялық цехта жұмыс істейді. 2023 жылы өндірістегі әйелдердің бастамаларын қолдауға арналған әйелдер клубы құрылыпты.
Клуб алғаш құрылғанда 30 әйел ғана мүшелікке кірген. Қазіргі кезде құрамында 183 әйел бар. Олар бос уақыттарын мазмұнды өткізуді ұйымдастырып қана қоймай, гендерлік теңдік пен дамыту бағдарламаларын талқылап, болашаққа жоспар құрады.
Клуб мүшелері Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай мен Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденді ортаға алып, сұрақтар қойды. Идеяларын ортаға салып, кеңес сұрады.
Кездесу бұдан әрі қалалық «Өнер» мәдениет сарайында жалғасты. Мұнда депутаттар белсенді де іскер әйелдермен, әкімдік, мемлекеттік органдар, әйел-балалармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйым өкілдерімен, аймақтық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат кеңесінің мүшелерімен жүздесті. Елдегі гендерлік, демографиялық саясаттың өзекті мәселелері туралы сөз қозғаған Қ.Әбден мен Б.Жексенбай өңірлік қауымдастықтармен ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, өздері қозғаған өзекті мәселелерді ортаға салды.
Бибігүл Жексенбай әйел-аналар тақырыбын жиі қозғайды. Депутаттық сауалында жас сәбиі бар аналарға жұмыс уақытында жеңілдік беру керегін айтыпты. Отбасы институтын нығайтуға күш салып жүрген халық қалаулысы Қарақат Әбден «Мейірім құшағы» деп аталатын отбасы, әйелдер және балалар ісіне қатысты республикалық комиссия құрған. Комиссия құрамына еліміздің әр аймағынан бір төраға, 6 мүшеден бекітілген. Олар жергілікті жерлерде отбасы, әйел мен балаға қатысты мәселелерді заңнама аясында шеше алады.
— Кейінгі депутаттық сауалымда Ата заңның 30 жылдық мерейтойына орай зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс жасамаған әйелдерге амнистия беру жайын қозғадым, — деді кездесуде депутат. — Әйелдерді дамыту, қолдау жұмыстары басты назарда болуы тиіс.
Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева әйелдердің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне қосып жатқан үлесі туралы айта келіп, кәсіпкер Гүлмира Идрисоваға сөз кезегін берді.
Г.Идрисова он екі балалы отбасында өмірге келген. Бүгінде өзі де көпбалалы ана. Айтуынша, пәтерден дүкен ашу дегенді өзі бастап қолға алыпты. Отбасылық бизнесті 1997 жылы бастаған ол алдымен қаладан бірнеше дүкен ашады. Кейін жолдасымен ойласа отырып, шаруа қожалығын құруды ұйғарыпты. Кездесуде Гүлмира Идрисова кәсібін жүргізу кезіндегі қиындықтар мен жетістіктері туралы әңгімелеп, әйелдерді еңбекқорлыққа, өз күшіне сенуге шақырды.
Ардагер ұстаз Жеңіс Мейірман кездесу барысында өз ойын білдіріп, отбасылық құндылықтарға қатысты мәселені көтерді.
— «Әйел түзу болса, әлем түзу» деген. Сондықтан қоғамда бірінші кезекте тәрбиені дұрыс жолға қою керек. Ата-ана институтын жалғастыру қажет. Жетім-жесірдің несібесін жеген жемқорлықты тыйған жөн, — деді ол.
Зейнеткер педагог Нағима Қуанышева депутат Қарақат Әбденге деген сұрағын төтесінен қойды:
— Өзіңіз негізін қалаған «Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институтының жұмысы неге аяқсыз қалды? Сіз партиядан партияға үш рет ауыстыңыз, себебі неде? «Ауыл» партиясының «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз» деген ұраны қашан орындалады?
Қарақат Әбден «Қазақ қызы» институтының басшылығы ауысқаннан бері бағыты да өзгергенін айтты. Ал «Ауыл» партиясын өз жүрек қалауымен таңдапты.
«Партияның ұранына келсек, ауылды гүлдендіру үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырып жатырмыз», — деді халық қалаулысы.
Қонақтар басқа да қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден әйелдердің көшбасшылығын қолдау, өңірлерде олардың мүмкіндіктерін кеңейту — «Ауыл» партиясының басты бағыттарының бірі деп біледі.
— Мұндай кездесулер депутаттық сауалдарға түрткі болып, бағдарламаларды дамыту үшін нақты идея көзіне айналады. Екібастұзға келуімнің себебі де сол — өңірлердегі әйел-аналарды есту, тыңдау. Сондықтан бүгінгі кездесу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, — деді депутат кездесу қорытындысында.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ
