Таяуда Екібастұз қаласы ішкі істер басқармасы басшылығы және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қызмет кезінде мерт болған тәртіп сақшысы Ербол Сембаевты еске алуға арналған шағын футбол турнирі өтіп, оған марқұмның туған-туыстары: әкесі Қабыкеш, анасы Айтжамал және жұбайы Маржан қатысты.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған турнирде құқық қорғаушылардан құрылған 8 команда бақ сынасты.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов, құқық қорғау ардагері Болатбай Әбенов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Бибігүл Исаева сөз сөйледі. Ербол Сембаевтың әкесі Қабыкеш Қайроллаұлы қыршын кеткен ұлының спортты жақсы көргенін тілге тиек етіп, ол жайында естеліктер өрбітті.
Турнирге себепкер болған Ербол Сембаевтың өмірбаянына тоқталар болсақ, ол 1971 жылы Баянауыл кентінде дүниеге келген. 1988 жылы орта мектепті бітіріп, әскери борышын атқарып келген соң туған ауылында жүргізуші, содан кейін «Екібастұзкөмір» кәсіпорнында слесарь-жөндеуші болып жұмыс істеді. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1993 жылдың тамыз айында Екібастұз ҚІІБ ОМАИ моторландырылған взвод инспекторы лауазымынан бастады. 1994 жылғы 3 ақпанда Е.Сембаев Екібастұз қаласының жанындағы МАИ стационарлық бекетінде кезекшілікте тұрғанында, сағат 13.40-та Ақмола облысынан келе жатқан «КамАЗ» автокөлігін тоқтатады. Құжаттарды тексеру кезінде Ербол Қабыкешұлы жүргізушіден ішімдік иісін сезіп, медициналық куәландыру жасау үшін ауруханаға баруды ұсынады. Автобустан түсе бергенде ұсталған адам Ербол Қабыкешұлының арқа тұсынан жақындап, тәртіп сақшысына ас үй пышағын салып алған. Қылмыскер ізін жасыруға тырысқанымен, полицияның қолына түсті. Жаралы полицей қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды…
Ал енді футбол ойынына оралсақ, турнир қорытындысында 1-орынды Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы командасы, 2-орынды Павлодар облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы, 3-орынды облыс ПД ЖҚАЖ командасы иеленді. Төрешілер алқасы Екібастұз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы командасының мүшесі Ахмет Оңдасыны үздік ойыншы деп таныды, ал Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасы командасының ойыншысы Еламан Бекішев үздік шабуылшы атанды. Сонымен қатар, Екібастұз қаласының прокуратурасы командасының мүшесі Ернар Арсалам — үздік қақпашы, ұлттық қауіпсіздік комитеті командасының ойыншысы Қуаныш Байділдинов үздік шабуылшы атағына лайық деп танылды. Жеңімпаз командаларға грамоталар, кубоктар мен медальдар табысталды.
Ж. БАЙМЫРЗА