22 сәуір күні қаламыздағы «Maxi mall» сауда орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтың қатысуымен тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру шарасы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру және «Заң және тәртіп» медиажоспары аясында ұйымдастырылды.
Кездесуді Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сондай-ақ, коррупциямен күресіп жүрген волонтерлермен бірлесе отырып өткізді. Мобильдік топтың құрамында Заң консультанттары палатасының, Адвокаттар алқасының, нотариат пен жеке сот орындаушы мамандары, прокуротура, ішкі істер органдары, білім бөлімі мен қалалық мансап орталығының өкілдері болды.
Кеңес барысында 40-тан астам қала тұрғынына алимент өндіру, мұрагерлік және мүліктік құқық, еңбек даулары, бұғаттауды жою, орындаушылық іс жүргізу және сот тәртібімен құқықты қорғау мәселелері жөнінде кәсіби көмек көрсетілді.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Әлия Есімханова «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл бастама қоғамда адалдық пен заңға құрметті насихаттауға бағытталғанын атап өтті:
— Құқық пен заң үстемдігін қалайтын, ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар бұл бастамаға өз еркімен қосылып, қоғамдық бақылау жүргізуге, мемлекеттік қызметтер мен сатып алулардың ашықтығына атсалысуда. Біз антикоррупциялық еріктілер ретінде өңір жастарымен, студенттермен кездесулер өткізіп, адалдық пен заңға құрметті кеңінен түсіндіреміз. Бұл — азаматтық ұстаным мен болашақтың іргетасын бірге қалауға бағытталған бастама, — деді ол.
Мамандардың айтуынша, құқықтық көмек көрсету шаралары облыстың барлық аудан орталықтарында тұрақты түрде жалғасын таппақ. Жоспарланған кездесулер туралы ақпарат ресми парақшаларда алдын ала жарияланады.
Егер сіз сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болсаңыз, 1424 байланыс орталығына немесе @antikorkz_bot Telegram-боты арқылы хабарласуыңызға болады.
Ділназ Серікбай