Сәуірдің 24-і күні мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту, қоғам өмірінің барлық саласына мемлекеттік тілді кеңінен енгізу мақсатында «Алтын қақпа» әдеби-музыкалық, лингвистикалық сайысының ІІ айналымы өтті.
Жарысқа №5 жалпы орта білім беретін мектептің «Шығармашыл ұстаздар» және Инновациялық Еуразия университеті жоғары колледжінің «Жалындаған жас маман» командалары қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынға салды. Сайыскерлер шеберлігін тіл жанашырлары мен мәдениет саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Қатысушылардың жауаптарындағы тіл тазалығы, сөз саптауы, ұтымды ой айту шеберлігі ескерілді.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тас қақпа» кезеңінде қатысушылар көнерген сөздердің мағынасын тапты. Бұл кезеңде тілдік қордың байлығы мен тарихи сөздерге деген қызығушылық ерекше байқалды.
Екінші «Күміс қақпа» кезеңінде қазақ халқының тыйымдары мен ырым-нанымдарына қатысты сауалдар қойылды. «Табалдырықты басуға неге болмайды?», «Жас келінге қара киюге тыйым салынуының себебі неде?», «Қонақ кеткенде неге босағаға сүйенбейді?» сияқты сұрақтар қатысушыларды ғана емес, көрермендерді де қызықтыра түсті. Шараның қызықты бір сәті сайыс барысында жүргізушілердің көрермендерге де арнайы сұрақтар қойып, олардың салт-дәстүр туралы білімдерін сынауы болды. Белсенді көрермендер қазақ халқының ырым-тыйымдары мен дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің ұлттық құндылықтарға деген терең түсініктерін көрсетті. Оларға да шағын сыйлықтар табысталды.
Үшінші «Алтын қақпа» кезеңінде тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашу арқылы қатысушылар тапқырлық пен ой ұшқырлығын көрсетті. Ал соңғы «Алтын сандық» бөлімінде ұстаздар берілген сөздерден мақал-мәтелдер құрастырып, шапшаң ойлау қабілеттері мен тілдік тапқырлығын көрсетті.
Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен Инновациялық Еуразия университеті жоғары колледжінің «Жалындаған жас маман» командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.
Ділназ Серікбай