29 сәуір күні Екібастұз қаласында облыстық деңгейде «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты кең ауқымды қоғамдық-әлеуметтік акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында есірткіге қарсы дүниетаным қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Акция Павлодар облысы әкімдігі мен прокуратурасы бекіткен арнайы «Жол картасы» аясында ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі, облыстық және қалалық құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, кәсіпкерлер мен белсенді жастар қатысты.
Кездесуде сөз алған Павлодар облысының прокуроры Берік Жүйріктаев нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.
— Бүгінгі жиын — құқық қорғау органдарымен қатар, тұтас қоғам үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды шара. Жастарды есірткіге тәуелділік пен құқық бұзушылықтан сақтау — біздің басты міндетіміз. Бұл бағытта тек жазалаумен шектелмей, алдын алу, түсіндіру және жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Осы мақсатта облыс көлемінде арнайы «Жол картасы» бекітіліп, барлық мүдделі мекемелер өзара тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Біз әлеуметтік кеселдермен күресте бірлескен күш-жігер арқылы ғана нақты нәтижеге жете аламыз. Бүгін сіздердің алдарыңызда тұрып, ел болашағына сеніммен қарайтынымды айтқым келеді, — деді облыс прокуроры өз сөзінде.
Шара барысында Екібастұз қаласы полиция басқармасының басшысы Төлеген Құдайбергенов есірткіге қарсы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген азаматтар — Сергей Мельников, Еркін Құсан және Ризабек Үтке — Павлодар облысының наркобұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңесінің ресми мүшесі куәліктерін салтанатты түрде табыстады. Бұл куәліктер олардың осы бағыттағы нақты іс-қимылға тартылып, кеңес мүшесі ретінде ресми түрде танылғанын білдіреді.
Шара соңында қала әкімі Аян Бейсекин жастарға артылатын сенім мен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілікке ерекше тоқталды.
— Бүгінгі кездесуге түрлі салада білім алып жүрген жас буынның қатысуы — қоғамның ертеңіне бей-жай қарамайтынымыздың айғағы. Есірткімен күрес — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір саналы азаматтың азаматтық борышы. Қаламызда зиянды әдеттерге қарсы мәдениет қалыптастырып, салауатты өмір салтын дәріптеу арқылы ғана жастарымыздың болашағына нақты бағдар бере аламыз. Бұл жолда құндылықтарды насихаттау мен тәрбие беру — тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біздің осы бағыттағы жұмысымыз жалғасын табады, — деді қала әкімі.
Ділназ Серікбай


