Қаламызда көпқабатты үйлер қабырғаларында көркем муралдар пайда болды. Қысқаша анықтама берер болсақ, мурал дегеніміз — сәулет нысандарына салынатын сурет, монументалды өнер түрі. Бір сөзбен айтқанда, қабырғаға салынатын монументалды-декоративті сурет.
Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 42-үйдің қабырғасын Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының айбынды бейнесі әрлесе, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 71-үйден ақын, этнограф, шығыстанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шуақты жүзі нұр төгеді.
Нақтылап өтсек, 2025 жылы муралдар салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген: мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде «EMD-group» ЖШС-мен 39,2 млн теңгеге келісімшарт жасалыпты.
Жалпы, мұндай көркем кескіндемені көпқабатты 9 үй қабырғасы мен 641 шаршы метр қоршауға салу жоспарланған. Қазіргі уақытта Сәтбаев көшесі, 37/1 мекенжайындағы үй қабырғасын бояу жұмыстары аяқталып қалды.
Қаланың көркін арттырған муралдарды тұрғындар ерекше ықыласпен қабылдауда.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА
