Жаз шыға елді мекендерді абаттандыру, қаланы жылу, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда жөндеу жұмыстары қолға алынады емес пе. Ол үшін қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Сол қаржының тиімді жұмсалуы, жұмыстардың сапалы атқарылуы үнемі атқарушы биліктің назарында болуы тиіс.
Осындай мақсатпен 23 сәуір күні Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Асайын Байханов әуелі шаһарға кіреберістегі Астана көшесін асфальттаудың қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Қала әкімі Аян Бейсекин биыл жаз жалпы көлемі 160 мың шаршы метр көше жолдарын, 70 мың шаршы метр кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланғанын айтып берді. Бұл жұмыстарды қос мердігер: «Нұрал» ЖШС мен «Экибас-тузтеплоэнергомонтаж» ЖШС атқарады. Сонымен бірге, 24 әлеуметтік нысанға кіреберіс жол мен ішкі аумағы асфальтталып, жеке сектордағы жалпы көлемі 124 мың шаршы метр көше жолдарына шағыл тас төселіп, тегістеледі. Аталмыш жұмыстармен «Нұрал», «Диас-Дар» және «Казстрой-аудит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады.
Жалпы, сөз болып отырған жұмыстарға 1325 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Мердігер ұйымдар 30 наурыздан бастап жұмысқа кірісіп кетіпті.
Бұдан соң аймақ басшысы Екібастұз ЖЭО-на аялдады. Мұнда қала әкімі облыс әкіміне жылыту маусымы ойдағыдай аяқталғанын тілге тиек етіп, енді №№5, 6, 8, 9 энергетикалық қазандықтар, №№11, 13, 14 бу қазандықтары, №3 түтін мұржасы жөндеуге қойылатынын баяндады. Жалпы, жөндеу жұмыстарына 10,9 миллиард теңге қаржы жұмсалмақшы. Тарата айтсақ, 3 миллиард теңге қаржыны «Самұрық Энерго» компаниясы, 2,5 миллиард теңге қаржыны облыстық бюджет бөліп отыр. Қалған бөлігі үкімет резервінен алынады екен.
Әкім-қаралар жылу орталығы ішін аралап шыққан соң, алдағы жылыту маусымына әзірлік мәселесі талқыланған отырыс өткізді.
— Былтыр жаз жиынтығы 80 километр құбыр жаңаланды. Өзге де жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді. Соның нәтижесінде қыста жылу беру кезінде технологиялық ауытқулар аз болды. Биылғы жазда да бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Таяуда температуралық және гидравликалық сынақ жасалып, 179 зақымдану анықталды. Соларды жою үшін 25 жөндеу бригадасы жасақталып, іске кірісті. Жұмыс төрт кезеңде жүргізіледі, — деген қала әкімі Аян Уахитұлы сөзін әрі жалғап, тозып тұрған №2 және №7 жылу магистральдарында реконструкция жасалатынын баяндады.
Айтпақшы, реконструкция аяқталғанша осы аумақтардағы 182 көпқабатты үйге ыстық су берілмейді. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарағандары жөн.
Сөз болып отырған жұмыстармен қоса-қабат 700 биік үйді жылыту маусымына әзірлеу қолға алынды.
Қала әкімінің ақпараты тыңдалған соң, облыс әкімі біраз жайтты пысықтады.
— Қазандықтарды жөндеуге қажетті жабдықтар жеткілікті ме? — деген сұрағына: «Иә. Екі миллиард теңгеге құрал-жарақ сатып алынды. Қоймада тұр», — деген жауап берілді.
Отырыста аймақ басшысы алдағы жылыту маусымында 4 қазандық резервте әзір тұруы керектігін айтып, №7 жылу магистралін реконструкциялауды тым созбауды, тұрғындарға ыстық суды белгіленген мерзімнен неғұрлым ертерек беруді ойластыруды тапсырды. Ол үшін мердігер ұйымды ең алдымен №7 жылу магистралінің Мәншүк Мәметова көшесінен Мұхтар Әуезов көшесіне дейінгі бөлігін іске қосуға міндеттеді. Солай болған жағдайда №10 жылу магистралі арқылы биік үйлерге ыстық су беруге болады.
Жылу орталығынан шыққаннан кейін аймақ басшысы реконструкцияланып жатқан №2 жылу магистралінде болды. Қазіргі уақытта Мәшһүр Жүсіп пен Абай көшелері қиылысында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мердігер компания өкілінің айтуынша, техника мен адам күші жеткілікті. Қажетті құрал-жабдықтарға өтінім жасалған. Мұнда 3 миллиард теңге қаржыға қашықтығы 1,1 километр жаңа құбырлар төселеді.
Айтпақшы, бұрынғы құбы-рлар диаметрі 820 сантиметр болған екен, жаңа жоба бойынша диаметрі 1020 сантиметр құбырлар төселеді. Мұның өзі жылу беру қуаттылығын арттыруға мүмкіндік береді. Реконструкциялауды шілде айының ортасында аяқтау жос-парланыпты.
Сондай-ақ, №7 жылу магистралінде де реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны — 8,3 миллиард теңге. Қашықтығы 3,9 километр құбыр жаңаланады.
Жұмыс сапарын ары қарай жалғастырған әкім-қаралар Естай Беркімбаев көшесі, 184 «а» үйдің ауласына көлік басын тіреді. Мұнда «Нұрал» ЖШС ауланы асфальттауға әзірлік жүргізіп жатыр екен. Қала басшысы Аян Уахитұлының сөзіне қарағанда, биыл жаз 25 аула іші асфальтталып, 50 балалар ойын алаңшасы орнатылады. Сонымен бірге, 7 жаңа футбол алаңы жасалып, бұрынғы 8 футбол алаңы қайта жаңартылып, 9 стритбол алаңы пайдалануға беріледі.
Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Асайын Байханов аула тұрғындарымен пікірлесті.
— Ауламыздың абаттандырылып жатқанына разымыз. Көрші-қолаң болып жұмыстың сапалы атқарылуын бақылап жүрміз. Жалпы, қала іші жылдан-жылға көркейіп келеді. Сондай игіліктің бізге де жеткені тамаша болды, — деген Әсел Исенова аймақ басшысы мен қала басшысына тұрғындар атынан алғыс айтты.
Екібастұз қаласына заманауи қысқы спорт сарайының қажеттігі көптен бері айтылып жүр емес пе. Сол игі істің сәті түсіпті. Жеңілатлетикалық манежімен қоса жоспарланған қысқы спорт сарайын Сәтбаев көшесі бойындағы ашық алаңда салу ұйғарылыпты. Қала әкімі Аян Бейсекин аймақ басшысына спорт сарайы үшін айтты жер телімі бөлінгенін айтты.
— Бұл жер телімі өте ыңғайлы. Ғимаратты жылуға, суға, кәріз жүйесіне қосуға техникалық мүмкіндік бар. Жол бойында орналасатындықтан, қатынау оңтайлы болады, — деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Қала басшысының сөзін мақұлдаған облыс әкімі жер телімін рәсімдеуді тездетіп, құрылысты күзде бастап кетуді жүктеді.
Бұдан кейін облыс әкімі «KEGOC» АҚ Солтүстік өңірлік электр тораптарының диспетчерлік орталығында, су тазарту имаратының №2 сорғы станциясында болып, мән-жайға қанығып, жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар берді.
Ж. Жәлелұлы
