Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Рауан Жантелиев пен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева алда келе жатқан мереке күндеріне орай өткізілетін іс-шаралар легімен таныстырды.
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні
6 мамыр күні сағат 15.00-де қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Өнер» мәдениет сарайында «Өшпес ерлік» салтанатты іс-шарасы өтеді. Ал 7 мамырда «Қазақстан» кинотеатры алаңында әскери шеру тікелей эфирде LED экран арқылы көрсетіледі. Қала көшелерінде «Елім дегендер» мото-патриоттық шеруі ұйымдастырылады.
9 мамыр — Жеңіс күні
Жеңістің 80 жылдығына орай қалада 50-ден астам іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 5 мамырда өтетін «Ұлы Жеңіс — ұрпаққа аманат» атты аймақтық ақындар айтысы ерекше орын алады. Жүлде қоры — 5,5 млн теңге.
9 мамыр күні сағат 11.00-де Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Осы күні ардагерлер үшін «Майдан түбіндегі орман» алаңында кездесу ұйымдастырылады. Гүл қою рәсімінен кейін сағат 18.30-да орталық алаңда Ибрагим Ескендір және жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар, 6-7 мамыр күндері «Жасыбай» спорт мектебінде Қ.Пішенбаевты еске алуға арналған республикалық дзюдо турнирі өтеді. 8 мамыр күні сағат 11.00-де Беркімбаев көшесімен (Амангелді көшесінің қиылысынан Степная көшесіне дейін) Жеңіс күніне 80 көшет отырғызу жоспарлануда.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, тыл және соғыс ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек төленеді.
Оның ішінде: тыл еңбеккеріне — 100 000 теңгеден, Тәжік-Ауған соғысы ардагерлеріне — 196 000 теңгеден, Таулы Қарабақ ардагерлеріне — 196 000 теңгеден, ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне — 60 000 теңгеден, Ленинград қоршауының қатысушысы Виолетта Светличнаяға 60 000 теңге төленеді.
Білім беру мекемелерінде «Ұлы Жеңіс. Ұлы тарих. Ұлы тағдыр» инсталляция көрмелері, тарихи квесттер, «Солдатская каша» интерактивті аспаздық шоуы, «Песни Победы» музыкалық марафондары өтеді. «Қайнар» балалар даму орталығында «Тарихтың тірі беттері» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Балалар көркемсурет мектебінде «Соғыс балалары» көрмесі жоспарланған.
Жеңіс лентасы таратылады
Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, арнайы патриоттық акция аясында 5-7 мамыр аралығында Қазақстан туы түстес патриоттық ленталар таратылады. Павлодар облысының тұрғындары «Жеңіс лентасын» қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде тегін ала алады. Барлығы 30 мың лента тарату жоспарланып отыр. Екібастұзда ленталар 9 мамыр күні сағат 10.00-де обелиск маңында үлестіріледі.
Ділназ Серікбай