Екібастұз қаласында кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. 23 сәуірде қала прокуратурасының бастамасымен, білім бөлімі және құқық қорғау органдарының қолдауымен «Құқықтық тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Қала бойынша 95 жасөспірім ішкі істер органдарының тіркеуінде тұр, олардың 65-і құқық бұзған. Кездесу барысында прокурор Қанат Атығаев, полиция басқармасының басшысы Төлеген Құдайбергенов оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің айырмашылығын түсіндірді. Олар жасөспірімдерге есірткі қылмысы, интернет алаяқтығы сияқты құқық бұзушылықтар туралы айтты.
Қала прокурорының айтуынша, ауыр қылмыстарға 14 жастан, ал есірткі қылмыстары үшін 16 жастан бастап жауапкершілік белгіленген. Полиция өкілдері әлеуметтік желілер арқылы «оңай табыс» ұсынатын алаяқтарға сеніп, заңсыз әрекеттер жасаған жасөспірімдердің саны артып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жастарға кез келген құқық бұзушылық жайлы хабарласуға болатын сенімді орталықтардың бар екендігі, сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсететін және көмектесетін орындардың жұмыс істеп жатқаны айтылды. Мұндай шаралар құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әрбір жасөспірімнің болашағы үшін маңызды рөл атқарады.
Кездесуде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Полиция өкілдері электрсамокаттар мен мопедтерді жүргізу талаптарының күшейтілгенін тілге тиек етіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан орын алатын қайғылы оқиғалардың зардабы ауыр болатынын ескертті.
ММА спортшысы Сайхан Жемуханов спорттың адам өміріндегі маңызын сөз етіп, жасөспірімдерді жаман әдеттерден барынша аулақ болуға шақырды. Шараның соңында балаларға құқық бұзушылықтың алдын алу туралы бейнеролик көрсетілді, олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қиын жағдайға тап болғанда көмек алу жолдары жайлы ақпарат берілді.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары алдағы күндері қала мектептерінде тұрақты түрде жүргізілмек.
Ділназ Серікбай
