Шебер фотограф Жұмағали Сейтеновты аймақ жұртшылығы жақсы біледі. Асай-мүсейін иығына асып алған ол қашан көрсең де желе жортып асығып жүреді. Кәсібін сүйетіні соншалық жасы ұлғайса да жас жігіттей қайратына мініп, кезіккен адамға жылыұшырай амандасып, көпшіл мінезінен еш танбай, түрлі іс-шараларда қырағы көзі өзіне керекті кадрды қалт жібермейді. Былайша айтқанда, Жұмағали Мизамұлы — өзгеден өзгешелеу, болмысы бөлек азамат.
25 сәуір күні орталықтандырылған қалалық кітапханада ҚР Журналистер одағы мүшесі Жұмағали Сейтеновтің «Фотожурналист. Өлкетанушы» атты шығармашылық кеші өтті. Жиналған қауым әуелі кеш иесінің өмірбаянымен таныстырылды.
Жұмағали Сейтенов 1955 жылы 6 мамырда Железинка ауданы Пятерыжск селосында өмірге келді. 1978 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірді. «Қазақфильм» киностудиясында мультипликациялық және диапозивтік фильмдердің шығармашылық-өндірістік бірлестігін басқарды. Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп келген соң Железинка аудандық «Ленинское знамя» газетінде әдеби қызметкер болып, одан кейін «Қазақфильмге» қайта оралып, ғылыми-көпшілік және деректі фильмдер өндірісімен шұғылданды. Жұмағали ағаның қатысуымен «Екібастұзшахтақұрылысы» комбинаты, «Екібастұзэнергоқұрылыс» және «Екібастұзэнерго тұрғын үй-өнеркәсіп құрылысы» тестері туралы «Город в наследство» деректі фильмі түсірілді.
Айтпақшы, шығармашылық кеште осы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, көрермен қала құрылысшыларының ерен еңбегі мен Екібастұз көмір алабының тарихына қанықты.
Ақын Күлшат Қаламбаеваның Жұмағали Сейтеновке арнаған өрнекті өлеңі оқылып, кеш иесі «Қазақфильм» студиясында қызмет еткен жылдары жайлы естелік айтып, сол кезде киногерлер тобымен Тәжікстан, Қырғызстанның тау-тасын аралағанын еске түсірді. Жұмағали аға бұрынғы әріптестерімен қарым-қатынасын әлі үзбепті. 2021 жылы Беларусь елінде болып, соғыс жайлы фильм түсірушілер тобында кеңесші қызметін атқарыпты.
Жұмағали ағаның кино саласынан кетіп, фотожурналист болуы — кездейсоқтық емес. Ол бала күнінде фото түсіруге әуес болып, «Смена» фотоаппаратын қолынан тастамаған екен. 6-сыныпта оқып жүргенде Бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагерінде болғанда басынан кешірген қызықты жайларды да әңгімелеп берді.
Жұмағали Сейтенов – өлкетанушы. Осы тақырыпты жылдар бойы қаузап келеді. Шығармашылық кештегі көрмеде қойылған «Экибастузская ТЭЦ», «Экибастуз. Шахтастрой», «Золотые крылья «Грани», «Алпыс бесінші баспалдақ» және т.б. фотосуреттермен безіндірілген кітаптар сөзімізге дәлел.
Шығармашылық кеште сөз алған кітапхана қызметкері Евгений Шебетун, музей қызметкерлері Гүлзайра Қатпенова мен Жанна Қайырова Жұмағали Мизамұлының осы екі мекемемен тығыз байланыста жұмыс істеп, өзіне қажет деректер мен мәліметтерді архивтен алып жүргенін тілге тиек етті.
Айтпақшы, фотограф-журналистің бірнеше кітабын кітапхана қызметкерлері цифрлық форматқа көшіріпті.
Жұмағали аға — футбол жанкүйері һәм жылнамашысы. Журналистің футбол ойындарынан жазған репортаждарында өзіне ғана тән қолтаңбасы айқын көрінеді. Кеш қонағы белгілі жаттықтырушы Евгений Скоробогатский журналистке футболшылар мен жанкүйер қауым атынан ризашылық білдірді.
«Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін», «Ақсу қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері Жұмағали Мизамұлының адамгершілігі, кәсіби шеберлігі туралы кеш қонақтары Болат Құспеков, Гузель Абдуллина да татымды әңгіме айтты.
Кеш иесінің кісілігі жайлы айтар болсақ, ол зыр жүгіріп жүріп фотографтар А.Стахов, Л.Кудрин, В.Голянский, Рымбек Ибадулиннің фотокөрмелерін ұйымдастырып алғыс естіді.
Шығармашылық кештегі әңгіме арасында «Үміт» орталығы балалары, әнші Дүйсенбек Ибадулин өнер көрсетті.
Сөз соңында айтарымыз, Жұмағали аға, алдағы жетпіс жасыңыз құтты болып, қажыр-қайратыңыз кемімей ел-жұрттың игілігі үшін еңбектене беріңіз!
Ж. СӘДУАҚАС
