«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, 26 сәуір күні ақкөлдіктер «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл ішінде сенбілік ұйымдастырып, орталық саябақта, мешіт пен асхана, клуб пен мектеп аулаларында, ауыл сыртындағы жазғы спорт кешенінде жас көшеттер отырғызып, ұйымшылдық көрсетті.
Ауылға кірген бетте клуб қасында аялдадық. Көңіл күйлері көтеріңкі Нұрбике Қағазбаева, Дана Шегендік, Меруерт Тоқтасынова, Қайрат Жұмажанов және тағы басқалары тал егіп, су құйып, қызу жұмысқа кірісіп кетіпті.
— Енді алдағы күндері гүлзарларға гүл егеміз. Клуб ауласы жайнап тұратын болады, — дейді Нұрбике Қағазбаева әңгімесінде.
Ары қарай жылжып «Жа-йылма жазирасы» деп аталатын орталық саябаққа бардық. Мұнда да қарбалас тірлік. Күрек ұстаған Қайырболат Қожахметов, Қазықбай Әндіржанов, Мұхтар Мұқанов жас көшеттерді отырғызып, өрт сөндіру бекеті қызметкерлері Сайран Кәзенов, Заңғар Жұмабаев, Фархад Тұрымтаев тәшкемен су тасып, қыз-келіншектер тал түбіне су құйып жатыр екен. Мектеп директоры Рамазан Тұрымтаев бас болып, мұғалімдер Ардақ Бозғоева, Гауһар Қабылтаева және тағы басқалары Боздақтар тұғырының қос қапталына бала қарағай отырғызу әрекетінде, ал одан әріде ауылға қаладан көмекке келген азаматтар: Мейірман Сағынтаев, Асқар Ибраев, Жанболат Шаланов, Ораз Әділханов, Жомарт Ахмедьянов мәре-сәре болып еңбек етіп жатты.
Туған ауылына бүйрегі бұрып тұратын азаматтар: қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов, қалалық мәслихат депутаты Манат Алғамбаров та сенбілікке қатысушылар арасынан табылды. Ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев, Ақкөл ауылының 90 жылдық тойын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Дүйсенбек Оспанов — бәрі ауыл ішін абаттандыру мәселесін кеңесіп, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды талқылады.
Бұл уақытта жас жігіттер саябақ жанындағы тұғырға «Жеңіске — 80 жыл», «Ақкөл ауылына — 90 жыл» деген әдемі екі баннерді іліп болған еді.
Орталық саябақтағы шаруа тиянақталған соң, жігіттер ауыл сыртындағы спорт кешеніне беттеді. Бір күн бұрын ауыл мектебінің 1996 жылғы түлектері мұнда ағаш отырғызу үшін 60 шұңқыр қазып қойған екен. Игі іске мұрындық болып жүрген Мейірман Сағынтаев, Азамат Кәрімов, Ғалымбек Шәкенов, Жандос Жұмабаев, Медет Смақов екенін айта кету ләзім.
Елді мекенді жасыл желек көрікті етіп көрсететіні белгілі. Осы жолғы сенбіліктен соң тал-терек тіптен көбейетін болды. Ауыл әкімі Ерлан Қабылтаевтың іс-қимылы нәтиже беріп, ауылға Павлодар қаласындағы «Ландшафт Дизайн» ЖШС-нен 80 түп пирамидалдық терек, 40 түптен кәдімгі терек, бала қарағай, ақ қайың шыбықтары мен 300 түп қарағаш жеткізілген екен.
Айтпақшы, 500-ден астам көшеттің жартысын аталмыш фирма демеушілік көмек етіп беріпті.
— Жас көшеттер Зеленая роща ауылында, «Исабек ишан діни-тарихи кешенінде» де отырғызылады. Ендігі басты шаруа — жаз бойы суарып тұру. Ауылда бұл іспен ақылы қоғамдық жұмыстарда жүрген 4 жігіт шұғылданатын болады, — деді Ерлан Жаңбыртайұлы сөз арасында.
Елді мекенді көріктендіру жұмыстарына қоса, санитарлық тазалық та қолға алыныпты. Жеке кәсіпкерлер Зейнолла Жақсыбаев пен Руслан Бекбергенов техника күшімен тұрғындар қаражатына көң-қоқысты шығарып жатыр.
Негізі, сәнді аула да ауыл келбетіне жарасымдылық береді емес пе. Осы орайда, біраз адам үй сыртын әктеп, шарбақтарын жаңалауға кірісіпті. Солардың бірі — Қайырбаевтар әулетінің бастап кеткен шаруасы көз сүйсіндірді.
Жалпы, алдағы екі-үш ай ішінде ауыл әдемі өзгеріске ұшырайтыны кәміл. Қала қазынасынан бөлінген мақсатты қаржыға клуб, асханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жасанды жабындылы футбол алаңы орталыққа көшіріледі. Бұдан бөлек, көше жолдары асфальтталып, жарықтандырылады. Қысқасы, Ақкөл ауылының 90 жылдығына орай атқарылатын шаруа шаш-етектен. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-баба сөзін жадында ұстап, ауыл мен қаладағы ақкөлдіктер, тап осы жолғы сияқты, ортақ іске өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр.
Ж.Жәлелұлы
