
Таяу күндері «Отарқа» газетінің редакторы, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жанаргүл Қадырованың жаңа кітабы жарыққа шықты. 400 дана таралыммен басылып шыққан «Баянның батыр ұлдары» атты кітап тарихқа «Ұлы Отан соғысы» деген атпен жазылған ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаздар өмірінен сыр шертеді.
Отансүйгіштіктің, ерліктің дастаны деуге тұрарлық бұл кітаптың шығуына әр жылдары «Отарқа» газетінде жарық көрген материалдар арқау болғанын атап өту ләзім.
— 2015 жылы «Отарқа» газетінің сол кездегі редакторы Жассерік Сәдуақас лездемеде: «Жанаргүл, Жеңістің 70 жылдығына қатысты материалдарды саған жүктейін», — деді. Содан бастап өзімше ізденіп, мақалаларды әзірлеуде негізінен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі орталық архивінің электронды базасына жүгіндім. Көптеген материалдардың жазылуына мені арнайы іздеп келіп, мәліметтер мен фотосуреттер әкеп берген адамдар себеп болды, олардың көбі — майдангерлердің ұрпақтары. Кітап кейіпкерлерінің денін соғысқа менің туған ауылымнан аттанған майдангерлер құрайды, десе де олардың көпшілігінің ұрпақтары бүгінде Екібастұз қаласында тұрады. 9 мамырда әркім әлеуметтік желі арқылы майдангер атасын насихаттап жатады, бірақ бір ауылдың сарбаздары бір жинаққа шоғырлануы тіпті тамаша әрі қашанда кітапханалардан табылады емес пе! — дейді автордың өзі.
Ғұмырбаяны кітапқа арқау болған ардагерлердің бір тобы бейбіт заманда ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген. Олардың ізгі жолын бүгінде ұрпақтары жалғап жүр. Мәселен, барлаушы Темірхан Үрпекбаевтың ұлы — бірнеше мектепте директорлық қызметте болған Төлеухан Темірханов қазіргі күні №18 ЖОББМ-де тарих және құқық негіздері пәнінен сабақ береді, қаламызда дебат өнерін дамытуға үлес қосқан педагогтардың бірегейі. Ал Рахметолла Үрпековтің перзенті Раушан Рахметоллақызы — зейнеткер ұстаз, бүгінде «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
— 1944 жылдың аяқ шенінде ауыл балаларын оқытуға мұғалім жетіспеушілігіне байланысты шыққан жарлық күшімен әкем соғыстан елге қайтарылды. Әкем мен бірнеше жас жігітті кезінде Павлодарға Жүсіпбек Аймауытов апарған екен. Бұлар сауатсыздықпен күрестің алғашқы (ликбез) мұғалімдері ғой. Әкем халық ауыз әдебиетінен, қазақ әдебиетіндегі классик ақын-жазушылардың шығармаларынан, шетел әдебиетінен сусындай жүріп, шығарма кейіпкерлерін үлгі тұта білді. Үлкен немересіне Мұса Шормановтың бәйбішесі Ақжан есімін берсе, Бекжан, Шәкәрім аттарын өзінің қойын дәптеріне жазып қойыпты, — дейді Раушан апай.
Ал аузы дуалы, көкірегі шежіре Садық Сапабековтің немересі Гүлзейнеп Есембаева бүгінде Екібастұз қаласы әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып еңбек етуде.
— Атам Садық ескіден қалған көне сөз, би-шешендердің өмірі, билік келісімдер туралы аңыз-әңгімелерді көп насихаттайтын. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Тайкелтір би, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мәуке батыр, Әсет, Әубәкір хан, Шөже ақын, Саққұлақ, Сүйінбай, Байдали би, Шәкәрім ақын өмірі мен шығармашылығын ауылдастарына паш етіп, рухани кештерді жиі өткізді. Садық Сапабекұлының руханиятқа қосқан зор үлесінің бірі — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерін сақтап қалуы. Осыған орай бір еңбегінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Мәшһүр Жүсіп «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, майдангер, атбегі, ақын, өмірі шежіреге толы Садық ақсақал Мәшһүр атамыздың жазбасын көзінің қарашығындай сақтап жасырып, жеткізгені — өз алдына бір өнегелі іс» деп деп баға берген еді. Кітапта нағашы атам Қаби Кәлиұлы туралы да деректер бар. Бүгінде Солнечный кентінде тұратын, талай жылдар «Ақ ниет» әжелер ансамблінің жетекшісі болып қоғамдық қызмет атқарған анам Клара аталарымыздың еңбегінің жаңғырып, ұрпақтар ортасына оралуына ерекше қуануда, — деп сыр шертті Гүлзейнеп Әнуарбекқызы.
Айнұр Мейрамова
