Әкімдікте қалалық мәслихаттың кезекті ХХІХ сессиясының отырысы онлайн режимде өтті. Оған мәслихат депутаттарынан басқа, қала әкімі, дербес бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде он мәселе қаралды. Қалалық мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған Екібастұз қаласының бюджеті туралы шешіміне өзгеріс енгізу туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева баяндама жасады. Бюджетке енгізілген өзгерісті депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Бұдан соң қала әкімі аппаратының басшысы Жандарбек Төребеков төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру штабының, құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның құрамын жаңартуды ұсынды.
Қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі басшысы Зейнеп Жақсыбаева әлеуметтік көмек көрсету және оның көлемін белгілеу жөнінде баяндап, осы шешімге өзгеріс енгізуді және халықты жұмыспен қамту жөніндегі қалалық комиссия құрамын бекітуді сұрады.
Отырыста, сондай-ақ, Екібастұз қаласы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары және жер комиссиясының құрамы бекітілді. Ішкі саясат бөлімі басшысының терроризмге қарсы комиссияның үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі консультативтік кеңесінің құрамына өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысы да қолдау тапты.
Отырысқа қатысқан қала әкімі Аян Бейсекин бюджетті бекітуге қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдіріп, соңғы 2 жылда қалалық бюджет көлемі екі есеге артқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бюджетті нақтылау барысында абаттандыру мәселесіне көңіл бөлінгенін айтты.
Қала басшысы бұдан әрі облыс әкімінің Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында айтылған мәселелер туралы әңгімеледі.
— Аймақ әкімімен өңіріміздің экономикалық дамуын ілгерілететін жобалар талқыланды. Олардың бірқатары облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болды, — деген Аян Уахитұлы жылу орталығын қайта жаңғырту жұмысына мониторинг жасауға қалалық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау болатынына сенім білдірді.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ