ІІ дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс — әркімге жақын тақырып. Жеңіс хақында сөз қозғасаң, бұл тақырыпта кез келген адамның айтары, әр отбасының өзінің Жеңіске қатысты тарихы бар.
Ал Екібастұз қаласындағы №18 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Назгүл Күзкенованың әңгімесі тіпті қызық: ол өзінің нағашылары — соғысқа қатысқан ержүрек ерлі-зайыптылар туралы әңгімеледі.
Әңгімені Назгүлдің анасынан бастасақ, тыл ардагері Күлбағила Күзкенова — сегіз перзентті дүниеге әкелген ардақты ана, «Алтын алқа» иегері. 19 немере, 11 шөбере, 11 жиеншары бар аяулы әже. Бүгінде жасы 87-ге келген Күлбағила апа бала күнінен масақ теріп, өгіз жеккен.
— Әулетіміздің тарихын парақтасақ, Отанға деген сүйіспеншілік жан дүниеңді жылытады, — дейді Назгүл Күзкенова. — Бала күнімізден құлаққа сіңісті болған әңгімелер біз үшін кеудемізде маздаған Жеңіс алауы секілді…
Назгүлдің нағашысы, Күлбағила апаның ағасы — гвардия лейтенанты Жаңабай Колумбаев 2-ші Белорус майданының 48-ші жеке полкінің құрамында соғысыпты. Ал Жаңабайдың жұбайы Дарбала Жабатаева майданға өз еркімен сұранған. Дарбала апа Свердловск қаласында байланысшы мамандығына оқып, оқуын бітіргеннен кейін майдан даласына аттанады. Белорус майданының 49-армиясы 95-ші дивизиясының 161-атқыштар полкінде радист болып қызмет еткен бойжеткен контузия алып, госпитальда емделіп шығады. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған Дарбала Әміржанқызы бейбіт өмірде бел шешпей еңбек етіп, дербес зейнеткер атанды. Дарбала апа II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес, оған Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуковтың медалін таққан. Бұл наградалардың қатарында «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдары мен 2015 жылы берілген «Құрмет» ордені де бар.
— Бейбіт аспан астындағы бүгінгі алаңсыз өміріміз — осындай ардақты жандардың ерлігі мен еңбегінің жемісі. Отансүйгіш аға буынның еселі еңбегі — мақтанышымыз. Олардың өмір жолы — өскелең ұрпаққа үлгі. Соғыс ардагерлеріне бас иіп, құрмет көрсету — парызымыз. Ардақты жандарға мың тағзым! — дейді Назгүл Мұратқызы.
Ж.Жапарова