1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашқанда, денсаулығы жарамды азаматтардың бірі қалмай әскерге аттанғаны мәлім. Ауыл-елімен қимай қоштасып, туыс-туғанын еңірете кете барған оғландар арасында ақкөлдік Тәсібек ақсақалдың үш інісі: Қасыбай, Қасен, Ерғалимен бірге жалғыз ұлы Құсайын да бар еді.
Айлар мен жылдар қойынға тас байлағандай ауырлықпен өтіп жатты. Әуелгіде қатерлі са-парға аттанған саңлақтардан хабар-ошар болмай қойды. Ондайда Тәсібек ата жанын қоярға жер таппайтын. Кеудесі сағыныштың сандығына айналған әкені «Үйде жалғыз бала болып не жеймін, не ішемін демей еркелеп өскен қарағым оқ пен оттың ортасында неғып жүр екен?» деген ой сансыратушы еді…
Күндердің күнінде бұл үйдің маңдайын қуанышты хабар жадыратып, інісі Қасен мен жалғыз ұлы Құсайын сұрапыл соғыстан оралды.
Қасен бейбіт күнде совхозда бел жазбай еңбек етті. Тумысынан момын, көп сөйлемейтін жан еді. Соғыста мұз жастанып, қар жамылғанның зардабы қойсын ба, майдангер өмірден ерте өтті.
Інісі Қасыбай оралмаса да, інісінен қалған Жаңатілекті үйлендіріп, қызы Көкешті тұрмысқа беріп, Тәсібек ата ағалық міндетін адал атқарды. Қасыбай мен Ерғалиды өмірінің ақырына дейін үміт үзбей күткен қария 78 жасында дүние салды.
… Құсайын ағаның оң жақ аяғына оқ тиіп, аяғын сылтып басатын. Жараланғаннан кейін госпитальда емделіп, содан соң қайта соғысқа кірген жауынгер елге 1945 жылы бір-ақ оралды. Майдангердің өңірінде «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа медальдар жарқырады.
— Құсайын ағаны Ортақоға ауылының үлкен-кішісі Қойке деп атаушы еді. Оған, әсіресе, балалар үйір болатын. Соғыста бастан кешкен оқиғаларын майын тамыза әңгімелеуден жалықпайтын. Құсайын аға мал шаруашылығы саласында адал еңбек етті. Шопан болып, ақтылы қой өсіріп, абыройға бөленді. Ерен еңбегі үшін сыйлыққа «Урал» мотоциклін, «Жигули» автокөлігін алғаны есімізде. Майдангер аға 73 жасында өмірден өтті, — дейді майдангердің көзін көрген ауылдасы Рымкеш Мұсабекова.
Сұм соғыс өрті шалмаған шаңырақ кемде-кем, сірә! Солай екеніне сағынышы мен туысқандық махаббатын өмірлік соқпақ етіп өрген Тәсібек атаның ғұмыры айғақ емес пе…
Ділназ Серікбай
