24 сәуір күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған «Мәңгілік естелік» атты ән кеші өтті.
Шара аясында сахна төрінде ән мен биден құралған композициялар көрсетіліп, көрермен назарына халықтық қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, мерекелік кеште Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздарға Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесінің атынан дипломдар табысталды.
Кеш қорытындысында «вокалдық ансамбль», номинациясында «Замандастар-құрдастар» ансамблі үздік деп танылды.
«Сәндік-қолданбалы өнердің үздігі» аталымында Дәмет Әміренова дара шығып, «декоративтік-қолданбалы өнер» номинациясында Елена Комарова, Галина Скляр және Алексей Симагин өз өнерлерімен ерекшеленді.
«Жеке дауыста орындау» номинациясында «Замандастар-құрдастар» ансамблінің әншісі қабдыуахит Ибраев пен Елена Печелатова үздік өнер көрсетті. Ал «хор» аталымында «С песней по жизни» ардагерлер хоры үздік деп танылды.
Үздік дуэт ретінде Рысты Ахметова мен Дүйсенбай Жұматов марапатталды. Ансамбльдер арасынан «Славяночка» вокалдық ансамблі мен «Серпантин» хореографиялық би ұжымы үздік атанды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Екібастұз қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп, өнерпаздарға алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен мәдениет саласының бірқатар өкілі марапатталды. Олардың қатарында «С песней по жизни» ансамблінің жетекшісі Құламерген Бейсембенов, «Достық үйі» мекемесі директорының міндетін атқарушы Зәуреш Қонақбаева, «Славяночка» вокалдық ансамблінің жетекшісі Евгений Филиппов, «Өнер» қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Айнагүл Шавдирова, «Замандастар-құрдастар» ансамблінің жетекшісі Ләззат Шушаева және «Өнер» қалалық мәдениет сарайының режиссері Әмина Қалдыбаева бар.
Бұдан бөлек, қала әкімінің алғыс хатымен «Замандастар-құрдастар» ансамблінен Бикен Ахметова, «Достық үйі» мекемесінің хореографы Марина Завьялова, «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің вокал тобының музыкалық жетекшісі Динара Искакова, «Бойтұмар» жастар театрының көркемдік жетекшісі Гүлжахан Міртемірова, «С песней по жизни» хорының мүшелері Тамара Мандзюк пен Анатолий Чалбышев, сондай-ақ, «Тұмар» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Сәбитова марапатталды.
Кеш барысында соғыс жылдарындағы ерлікті дәріптейтін музыкалық шығармалар орындалды. Владимир Харитонов пен Давид Тухмановтың «Жеңіс күні» әнін баянның сүйемелдеуімен «Замандастар-құрдастар» ансамблі орындаса, «Батыр Бауыржан» әнін Ләззат Шушаева тебірене жеткізді.
«С песней по жизни» хоры «Мамаев қорғанындағы саябақта» әнін шырқап, көрермендерді тебірентті. Ұжымның көркемдік жетекшісі — Құламерген Бейсембенов. Сонымен бірге, Дүйсенбай Жұматов «Кестелі орамал», Бикен Ахметова «Ана туралы баллада» әндерін орындап, кештің рухын асқақтатқандай әсер қалдырды.
Ділназ Серікбай
