Ғалым, қоғам қайраткері Байболат Әубәкіров есімі елімізде ғана емес, шет жерде танымал болған азамат еді. Көп жылдар бойы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігін басқарған ол 1994 жылы оқу-өндірістік кәсіпорындарды нарыққа бейімдеу тақырыбын қаузап, докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Еңбекқор ғалым — 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбектердің, оның ішінде 4 монография, 17 кітапша мен көптеген зерттеу мақаланың авторы. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, 1992 жылы «Республикаға еңбегі сіңген экономист» атағын иеленіп, 1995 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі атанды. 1998 жылы есімі Қазақ ұлттық энциклопедиясына енген Байболат Әубәкіров «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды.
Байболат Абайұлы — біздің даңқты жерлесіміз, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы. 1955 жылдың 5 қаңтарында Төртүй ауылында өмірге келген. Мәнді де мағыналы ғұмыр кешкен ардақты азамат соңына өшпес із қалдырып 2022 жылдың 20 қыркүйегінде дүниеден өткен-ді.
«Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді демекші, Байболат Әубәкіровтің есімі мен ісі ел-жұрттың жадында сақтала бермек. Соның айғағындай 27 сәуір күні Естай атындағы балалар музыка мектебінде «Жасын ғұмыр жарқылы» атты еске алу кеші өтіп, жиналған қауым әуелі қалалық музей ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеге Байболат ағаның жеке заттары, баяны, фотосуреттер мен кітаптары қойылды.
— Үлгі болар ұрпағыңа ғұмырың,
Уақытпенен биіктейді тұғырың.
Ұмытпайды, ел жадында сақтайды
Дара туған көп ішінен бір ұлын, — деп басталған еске алу кеші Байболат Әубәкіровтің өлеңдері, әндерімен өріліп, тыңдаушыларға рухани ләззат сыйлады.
Осы тұста айта кету ләзім, Байболат аға — ғылымға қоса шығармашылықпен де шұғылданған тұлға. Әуесқой сазгердің он бес әні Қазақстан телерадио комитетінің алтын қорында сақтаулы тұр. Кезінде ол әндерді белгілі әншілер Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ақжол Мейірбеков, Сәкен Майғазиев және т.б. орындаған. Байболат ағаның көзі тірісінде «Өмір ағысы» әндер жинағы, оның өмірі мен қызметінен сыр шертетін «Дара тұлға» кітаптары жарық көрген. Ал өмірден өткен соң «Асыл да жасыл жылдарым» атты әндер жинағы баспадан шықты.
Ақын-сазгер шығармашылығында туған жері, өскен ортасына арналған танымал әндер бар. Бірінші шумағынан-ақ:
«Армысың, асыл ауылым,
Жайлаған Арқа бауырын.
Болсам да талай жерде мен,
Таппадым сенен тәуірін» деген сөздері тыңдаушысын баурап алатын «Ауылым» әнін Медғат Манапов пен Бауырбек Бектеміров қосыла шырқап, естушіні ынтықтырып әкетті.
Байболат ағаның әкесі Абай қария Ақкөл ауылдық округі Зеленая роща ауылының қадірменді ақсақалы болған. Ұлы Отан соғысының ардагері жергілікті мектепте мұғалім болып, зейнетке шыққан соң ағаш жонып, жиһаз жасап, ауылдастарының өтінішімен құлпытастарға қашап жазу жазыпты. Майдангердің туғанына биыл — 100 жыл. Еске алу кешінде экраннан Абай қарияның көзі тірісінде түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Абай қарияның атақты баласы — Байболат аға биыл тірі болса, 70 жасқа толушы еді. Еске алу кешіне жиналған көрермен Байболат ағаның дидарын да экраннан көріп, өзінің орындауындағы әнді, журналист Жұмабай Шаштайұлының ғалыммен жүргізген сұхбат-әңгімесін тыңдады. Екі бейнефильмді де үйінде сақталған мұрағаттық қорды пайдаланып тұңғыш ұлы Балтабектің әзірлегенін айту орынды.
Жалындаған жігіт шағында қос жанарынан айырылып зағип болып қалса да өмірге құштарлық танытып, қиындықтармен күресе білген Байболат ағаның адал достары да көп. Достық парызын өтеу үшін Алматыдан жеткен 87 жастағы қария — Ләскер Сейітов егіле, тебірене естелік айтып, досының өлеңін баяғыдай әдемі даусымен оқып берді. Олай дейтініміз, ұзақ жылдар Қазақ телевидениесінде диктор болған, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Ләскер ағаның жағымды даусы аға буынның құлағында қалғаны анық.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайыновтың естелігі де татымды болды. Кеңес заманында «Қазақ зағиптар қоғамы» құрамына еліміздің түкпір-түкпіріндегі 47 кәсіпорын еніп, онда 20 мыңға жуық адам еңбек еткен екен. Кеңес Одағы тарап, еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен жылдары қайратты да табанды Байболат Әубәкіров осы қоғамдық бірлестіктің қожырап кетпеуіне күш-жігерін жұмсай білгені өз алдына бөлек әңгіме.
Досының адамгершілігін, көп ішінен топ жарған дара тұлға екенін айта келе, Әбілғазы Құсайынов марқұм Байболат Әубәкіровтің есімін ұлықтау шаралары қолға алынса, Екібастұз қаласында көше аты берілсе деген ұсыныс жасады.
Қазақ дәстүрімен екі қонақ азаматқа шапан кигізіліп, Байболат ағаның жары Гүлбостан Әшірапқызының құрметіне «Құпия» әнін музыка мектебінің түлегі Максим Губин саксафонда ойнап берді.
Жиналған қауым қошеметін білдіріп отырған кеште Байболат Әубәкіровтің «Асыл ана», «Туған жер», «Екібастұз» әндерін Саяжан мен Аяжан Салықовалар, Ләззат Шушаева, Алтынгүл Бақытхан мен Алмас Еділбаев шырқап, «Астана» өлеңін №36 лицей-мектебінің шәкірті Марғұлан Арыстанбекұлы оқыды.
Ал Байболат атасының «Ұйықта, бөпем!», «Немере» әндерін Астанадан келген немерелері сүйіспеншілікпен орындаған сәт көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Шығармашылық кешті ұйымдастыруға Байболат ағаның қарындасы Әлима мен музыка мектебінің оқытушысы Тілеген Біләл зор еңбек сіңірді. Ұйымдастыру тобы концерт залын ұсынған музыка мектебі басшылығына ризашылық білдіреді.
Ж. Жәлелұлы
