19-20 сәуір күндері Павлодар қаласындағы «Құлагер» ипподромында жастар командалары арасында маусымашар турнир өткізілді. Оған облыстан барлығы 9 команда қатысып, шеберлік байқасты. Бұл жолы да ақкөлдік көкпаршылардың мерейлері үстем болды. Олар бірнеше ойында жеңіске жетіп, финалда Ақтоғай ауданы көкпаршыларынан 4:1 есебімен басым түсті. Жеңімпаз команда құрамында Диас Төлеу, Советбек Жұмағали, Абдрахим Мамыр, Әбдрахман Егінбай сияқты көкпаршылар шеберлігімен көзге түсті.
Айта кету керек, жастар командалары құрамында жасы 23-тен аспаған спортшылар өнер көрсетті. Бір апта бұрын Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы Баянауыл ауданының Майқайың кентінде Жеңістің 80 жылдығына арналған турнирде де жеңіске жеткен еді. Ол жолы аға буын көкпаршылар ақтық ойында ежелгі қарсыласы — Май ауданы командасын 6:4 есебімен ұтып, жүлдеге тігілген 500 мың теңгені иеленіп, олжалы қайтқан болатын.
Ж. Бұланбай
Маңызды