19 сәуір күні №36 лицей-мектебінде дәстүрлі садақ атудан өткізілген жарыс ұлттық спорттың осы түрінің қарқынды даму үстінде екендігін көрсетті. Аталмыш білім ордасындағы «Алтын жебе» дәстүрлі садақ ату орталығы ұйымдастырған турнирге Павлодар, Екібастұз қалаларынан, Баянауыл мен Тереңкөл аудандарынан, Ақкөл ауылынан барлығы 10 команда қатысып, жалпы саны 100-ден астам жас садақшы жебе тартты.
Негізі, ұлттық спорт ұлттық болмыспен қабысып, көрермен қауымды баурап алады десек болады. Осы орайда, №36 лицей-мектебіне жан-жақтан келген спортшылар мен олардың жанкүйерлері мерекеге тап болғандай күй кешті. Қонақтарды есік көзінде үстіне шапан киген ер мұғалімдер қарсы алып жөн сілтеп, экраннан бұған дейін болған жарыстардан хабар көрсетіліп жатты. Ары жылжығанда мектептің жас күйшілері күмбірлетіп күй ойнап, тыңдаушы көңілін тіптен өсірді.
Мектептің кең спорт залы турнирдің өз дәрежесінде өтуіне лайықталып безендіріліп, «Алтын жебе» орталығы баннері ілініп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін кубоктар, медальдар мен дипломдар тізіле қойылыпты.
Айтпақшы, ережеге сай, жарыс төрешілері мен спортшылардың да ұлттық киім кигені жарасымды болды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде №36 лицей-мектебінің директоры Әсия Оспанова, дәстүрлі садақ атудан Павлодар облыстық федерациясының төрағасы Нұрбек Мұқышев құттықтау сөз сөйлеп, ақын-журналист Жассерік Жәлелұлы жас спортшыларға бата берді.
Жарысқа қатысушыларға 6-сынып оқушысы Қанат Тілендиев орындаған «Отаным — Қазақ Елі», 4-сынып оқушысы Аяна Серік шырқаған «Мен өнерге құштармын» әндері мен биші қыздардың «Қара жорға» биі де ұнап, қолпаштап қолдау көрсетті. «Алтын жебе» орталығының ұл-қыздары ортаға шығып, қалқан нысананы түрегеп те, отырып та дәл көздеп, көрерменді сүйсіндірді.
Облыстық жарыста садақшылар нысана көздеу және жамбы атудан сайысты. Жекелей сында жеңімпаздар мен жүлдегерлер садақ атудың осы екі түрінен көрсеткен нәтижесіне қарай анықталды. Енді шеберлік көрсетіп, жекелей сында жеңімпаз атанған садақшыларды атай кетейік. 10 метр қашықтықта: ұлдар арасында — Дінмұхаммед Нұрмұхаммед, қыздар арасында Ханшайым Қайдарбек жеңіске жетті. Екеуі де Павлодар қаласындағы Малайсары мектебінен.
15 метр қашықтықта ұлдар арасында Рамазан Өмірбек (Баянауыл ауданы Зейтін Ақышев мектебі), қыздар арасында Әсия Саттар (Екібастұз қаласы №36 лицей-мектебі) топ жарды.
20 метр қашықтықта ұлдар арасында Мансұр Көмек, қыздар арасында Аяжан Шарыпова жеңімпаз атанды. Екеуі де №36 лицей-мектебі оқушылары.
25 метр қашықтықта ұлдар арасында Еларыс Ермекбай (Баянауыл ауданы Егіндібұлақ мектебі), қыздар арасында Асылым Амантаева (Екібастұз қаласы №2 мектебі) жеңіске жетті.
Жекелей сында шеберлік танытып, жеңімпаз не жүлдегер атанған спортшыларға медальдар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Командалық жарыс тек жамбы атудан ғана өткізіліп, Екібастұз қаласының «Зерде» мектебі спортшыларының мерейі үстем болды. Екінші орынды Тереңкөл ауданының Алтай мектебі командасы, үшінші орынды Баянауыл ауданының Зейтін Ақышев мектебі командасы еншіледі.
Ұлттық спорт қарқынды дамуы үшін жанашыр азаматтар, қамқорлық көрсетуші демеушілер болуы керек. №36 лицей-мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі Қайырболат Бейсембеков дәстүрлі садақ ату спортын дәріптеу мақсатында білім ордасында «Алтын жебе» орталығын ашуға қол жеткізіп отыр. Ал осы орталықты қажетті құралдармен жабдықтауға мектептің қамқоршылар кеңесінің мүшесі Индира Ержанова қаражатпен көмектесіпті.
— «Алтын жебе» орталығында бүгінгі күні садақ атумен 25 бала шұғылданып жүр. Садақ ұстағандарына көп уақыт болмаса да, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген Әділет Шаяхметов, Аяжан Шарыпова, Әсия Саттар сияқты спортшыларымыз бар. Олардың қатары әлі де толығады деген үміттемін. «Алтын жебе» орталығын ашуға мектеп директоры Әсия Жұматайқызы, осы жарысты ұйымдастыруға әріптестерім қолдау көрсетті. Сонымен қатар, жүлде қорына қаражат бөлген демеушіміз Индира Ержановаға алғысым шексіз, — дейді Қайырболат Бейсембеков әңгімесінде.
Сөз басында айтқанымыздай, облыстық турнир тамаша ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде көрермен қауымның дәстүрлі садақ атудың тартымды екеніне көзі жетті.
Ж. Бұланбай
