Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарда біздің жерлестеріміздің де үлкен ерлік пен ержүректік көрсеткені аға буын естеліктерінен белгілі. Сұрапыл соғыста жанқиярлықпен шайқасып, Отан алдындағы парыздарын адал атқарған сол майдангерлердің есімдері ешқашан ұмытылмақ емес, ұрпақ жадында әрдайым жаңғырып тұрады.
Бүгінгі сөз майдангер Сапа Әшіров жайлы болмақ. Ол 1917 жылы Ақкөл-Жайылма өңірінде дүниеге келді. 1938 жылы ата-анасымен бірге «Екібастұз» кеңшарының Ақши бөлімшесіне қоныс аударды. Онда фермада бухгалтер болып жұмыс істеді. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, бір жарым жыл бойы Түркіменстанда қызмет атқарды.
Жауынгердің майдандағы жолы 1941 жылдың шілдесінде Смоленек түбінде басталып, 1945 жылы Эльбада аяқталды.
Ол кезде Смоленек түбінде кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Фашист басқыншылары қаланы басып алып, Мәскеуге жол ашуды көздеді. Қатардағы атқыштар полкінің қатардағы жауынгері Сапа Әшіров қаруластарымен бірге жаумен бетпе-бет шайқасты. Осындай қантөгіс ұрыстардың бірінде снаряд жарылысынан ауыр жарақат алып, әскери госпитальда емделген соң 1942 жылдың наурыз айында әскери қызметке жарамсыз болғандықтан елге қайтарылды.
Туған жеріне оралған жауынгер тылда еңбек етіп жүргенінде 1943 жылдың мамырында полктық мектепке оқуға жіберілді. Ізденгіш Сапа Әшіров сержант атағын алды. Тағы да қолына қару ұстап майданға жаумен шайқасуға аттанды. Неміс басқыншыларын Кеңес Одағы жерінен түре қуған кеңес әскерлері 1944 жылдың жазында шегінген дұшпанды өкшелеп, Висланы көктей отырып Варшаваны азат етті.
Артиллериялық барлау бөлімінің командирі Сапа Әшіров кейін жергілікті мектепте болған кездесуде сол шайқас туралы былай әңгімелеген екен:
— Висланы тақтайдан жасалған салмен жаудың борап тұрған пулемет пен миометі оғы астында күндіз жүзіп өттік. Біздің бөлімшеде 152 миллиметрлік үш зеңбірек болды. Сол зеңбіректерді салға тиеп өзімізбен бірге алып өттік. Өзеннің арғы жағалауындағы плацдармға бекініп алған дұшпан оңайлықпен беріскен жоқ. Бізді су үстінде жойып, өзенге батырып жіберуге тырысты. Әйтсе де біздің тегеурінімізге шыдай алмай, кері шегінді.
Кеңес жауынгерлері фашист басқыншыларын осылайша талқандай отыра, Шығыс Пруссияға енеді. Гитлершілер қорғанысы күшті қамал-қала — Кенигсбергте шабуылды тойтарамыз деген ойда болады. Доттар, тікенек сым қоршаулар, танкіге қарсы құрылғылар камалдың жан-жағын қоршап жатқан-ды. Алайда артиллериялық снарядтар мен авиабомбалар жау позициясын талқандап, гитлершілерді үш күннің ішінде берілуге мәжбүр етеді. Қамал гарнизоны қарсылық көрсетуді тоқтатып, тұтқынға түседі. Осы қамалды алуға шабуыл жасаушылар ішінде артиллерист Сапа Әшіров ержүректік көрсетіп, көзге түседі. Үш күнге созылған шайқастарда үш рет жараланса да, қатарға қайта оралып, қайсарлық танытады.
1945 жылдың 30 сәуірінде Кеңес әскерлерінің Эльба өзені жағасында американдықтармен тарихи кездесуі болды емес пе. Одақтас әскерлер бір-бірімен құшақтасып, мәре-сәре күй кешкенде солардың ішінде Сапа Әшіров те болған еді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ол III дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталды.
Туған жеріне жеңіспен оралған Сапа Әшіров көп жыл бойы Көксиыр ауылында ферма бухгалтері, шаруашылық меңгерушісі болып адал еңбек етіп, жерлестерінің сый-құрметіне бөленді. Қарт майдангер оңаша қалғанда ой кешіп, соғыста басынан кешірген оқиғаларды еске алушы еді. Сондай сәттерде қолына қалам ұстап, өлең жазатын…
Есімде Одер өзені…
Салменен жүзіп өткенім.
Берлинге жақын кез еді,
Қарсы алар жеңіс көктемін.
Қанды су Одер өзенде
Талай жас шәйіт болғаны.
Жеңіске жақын кезеңде
Жас гүлдер суда солғаны.
Майданнан күтіп жарларын,
Қарындас, жеңге, келіндер.
Көрсе де соғыс зардабын,
Жеңіске берік сезімдер…
Көз жұмған туған ел үшін
Майдандас менің достарым.
Еске алып сені сол үшін,
Жырыма бүгін қосамын.
Сапа Әшіров 1946 жылы Әлима Сәбибекқызына үйленіп, алты перзент сүйді. Екеуі кішкентай кезінде шетінеп кетіп, төртеуі аман-есен ер жетіп, үйлі-баранды болды.
— Жыл сайын Тай ауылы көшелерінде орнатылған баннерлерге Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің суреттері ілініп, мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Ел қорғаған әкелеріміздің ерлігін ұрпаққа дәріптеу — біздің перзенттік парызымыз. Осындай өнегелі іске ұйытқы болып жүрген жерлес азаматтар — өлеңтіліктерге ризамыз, — дейді кешегі майдангер — Сапа Әшіровтің ұлы Ерсағат Әшіров.
Ж. Жәлелұлы