Екібастұз жұртшылығы «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының авторы Санжар Керімбаймен кездесіп, Қаныштану жауһарларымен танысқаны жөнінде газетіміздің өткен нөмірінде жазған едік. «Өнер» мәдениет сарайында өткен кітаптың тұсаукесерінде Қаныш Сәтбаевты көзі көрген майқайыңдық ақсақал — 93 жастағы Мұхтар Әбеновке құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылған еді. Сөз орайы келгенде Мұхтар Зәпішұлы академиктің Екібастұзға ат басын бұрғанын, «Екібастұзкөмірдің» негізін қалаушы кенші Георгий Гридиннің оған сәлем бергенін тілге тиек етті.
Атап өтерлік жайт, Баянауыл ауданының және Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері Мұхтар Әбенов — «Екібастұз» кеңшарының, яғни, Төртүй ауылының тумасы. Мұхтар атадан Қаныш Сәтбаевтың аймағымызға сапары жөнінде аз-кем сұрастырудың орайы келді.
— «Майқайың алтын» комбинатының дамуын үнемі назарда ұстаған Қаныш аға бұл кәсіпорынға бірінші рет 1948 жылы келіпті. Ол кездесу туралы комбинаттың бұрынғы партия ұйымының жетекшісі Камеледин Саметовтің естелігінде жазылған. Сапар жайлы баянауылдық А.Черкашиннің 1967 жылы «Қызыл ту» газетінде жарық көрген «Бір суреттің сыры» мақаласында: «Біздің комбинаттың Жосалы кенішіне бір жеңіл машина кіріп келді. Сөйтсек, бұл келген қонақ Қазақ Ғылым Академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екен. Жерлестері, жұмысшылар Қанекеңді қаумалап, қоршап алды. Қаныш аға жұмысшылардың өмірімен, әлеуметтік жағдайымен, жұмыс барысымен ыждаһатпен танысты. Жұмысшылардың айтқан тілек, пікірлерін ден қоя тыңдады. Ол кісі келіп кетісімен кенішке аса қажетті техникалар мен автокөліктер әкелінді. Ауылымызға мектеп салынуға қаржы да бөлінді» деген жолдар бар, — дейді Мұхтар Зәпішұлы.
Мұхтар атаның баянауылдық өлкетанушы А.Черкашинді тілге тиек етуі Екібастұз және Майқайың кен орындарын алғаш тапқан кентанушы Қосым Пішенбаев туралы «Қосымның тағдыры» атты былтыр шыққан повесті есімізге түсірді. Қолжазбасы 1972 жылы баспа машинкасымен терілген бұл кітапты А.Черкашиннің жазуына академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев түрткі болған. «Әттең, уақытым жетпей жүр, әйтпегенде ол туралы повесть немесе кішігірім монография жазуым керек», — дейді екен Қосым Пішенбаев жайында академиктің өзі. Кітап қолжазба күйінде Қаз КСР Жазушылар одағының көркемдік кеңесіне жіберіліп, белгілі себептермен кейін қайтарылған. Академиктің арманы тек былтыр, Қосым Пішенбаевтың 180 жылдық мерейтойында орындалып, В.Черкашиннің еңбегі кітап болып басылып шыққан-ды…
Ал Мұхтар атаның естеліктерін одан әрі жалғар болсақ, Майқайың кентіне 1958 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің, 1959 жылы тағы да Қаныш ағаның жолы түскен.
— Қаныш аға келгенде біз карьерде бұрғылау жұмысында жүргенбіз. Еңсегей бойлы, алып тұлғалы азамат екен. Комбинат басшысымен бірге 80 метр тереңдікке, карьердің ішіне түсті. Жұмысшыларға сәлем беріп, олардың хал-жағдайларын білді. Комбинаттың жұмысы, техникалық мүмкіндіктер туралы сөйлесті. Қаныш аға екі кеш, бір күн бойы Майқайыңның жағдайымен танысты. Жергілікті азаматтармен ақылдасып, «Майқайың алтын» өндірісінің болашағы туралы әңгіме өрбітті. Комбинат ғимаратында арнайы мамандар мен кеніш ардагерлерінің басын қосып жиын өткізді. Жиында Майқайың төңірегіндегі қазба байлық жайын сөз етіп, Орталық Қазақстанда жаңадан өндірістік аймақ құру қажеттілігін айтты. Бозшакөлдегі мыс орны, Екібастұз көмір қоры, Майқайың түсті металл қоры, Майкөбе көмірі, алюминий өндірісіне қажетті Керегетас әк тас қоры, шыны өндірісіне қажет Қарасор кварц қорын келешекте тиімді пайдаланудың кешенді жоспарын жасау керектігіне де тоқталды. Осы аталған кен орындарынан жүк тасымалдауды оңтайландыру үшін темір жол салу жайы қозғалды. Майқайыңдағы өндірістің дамуына және халқының әл-ауқатын арттыруға бірінші кезекте қажет нәрсе таза ауыз су еді, Қаныш аға Ертіс-Қарағанды каналының суын Майқайыңға жеткізу мәселесіне назар аударды. Ғалымның бұл сапары мен ауыл азаматтарымен өткізген жиналыс хаттамалары, суреттері «Майқайың алтын» кәсіпорнының мұрағатында сақтаулы. Сол сапарында аталған Майкөбе кенішін ашу, Ертіс-Қарағанды су арнасын тарту сияқты ауқымды мәселелердің кейін ақиқатқа айналғанына куә болдық: Майқайың, Майкөбе сияқты кеніштер ел қамбасына тонналап қазына құйса, Ертіс-Қарағанды су арнасы ауыз сумен қамтуда. Қанағаңның бастамасымен салынған темір жол ел байлығына қызмет етуде, — дейді Мұхтар ата.
Ж. ӘБДІКӘРІМ
Маңызды