«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп сөз өнерін биікке көтеріп кеткен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына биыл — 180 жыл. Осы датаға және Ұлттық кітап күніне орайластырылып таяуда Абай Құнанбаев атындағы №2 қазақ мектебінде «Рух биігі — парасат» кеші өткізілді.
Кеш қонағы — ақын-журналист Жассерік Жәлелұлы кітапханаға жиналған оқушыларға хакім Абайдың шығармашылығы туралы әңгімелеп, тіл мен діл, дін мен адамгершілік жайлы айтқан пәлсапалық ой-толғамдарын баяндап берді. Кездесуге қатысқан 11-сынып оқушылары сөзге араласып, түрлі сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Абай әндеріне кезек беріліп, Меруерт Құрманғали «Ысытқан, суытқан», Нұрдана Пазыл «Есіңде бар ма жас күнің» әндерін айтып, Альбина Ешмұратова 12-қара сөзін жатқа оқыды.
Кеш барысында мектеп шәкірттері Ілияс Қайриден, Рамазан Мерген, Інжу Темірбек, Малика Қасымжомарт Жассерік Сәдуақасовтың бірнеше өлеңін мәнерлеп оқып, оқушылар қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарына жауап алды.
Хакім Абай: «Артық білім — кітапта» деген емес пе. Кеш қонағы ұл-қыздарды білімнің қадірін ертерек білуге шақырып, келешекте «дүниеге бір кірпіш болып қалануды» тіледі.
Тағлымды әңгіме өрбіген кешті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сымбат Мақажанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Баян Қуандықова, Ботакөз Алғамбарова, кітапханашылар Гүлғайша Әбішева мен Торғын Баяндинова ұйымдастырғанын айта кету ләзім.
Ж.Бұланбай