17 сәуір күні бейбіт өмір мен ел тыныштығы үшін жанын қиған жауынгерлерге арналған тағлымды еске алу рәсімі өтті.
Шара барысында жиналған жұрт Таулы Қарабақ қақтығысында ерлікпен қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл жауынгерлік рухты дәріптеген, ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтауға бағытталған тағзым рәсімі болды.
Салтанатты жиынға қала әкімдігі өкілдері, Таулы Қарабақта бітімгерлік күш құрамында болған ардагерлер, әскери қызметшілер мен қала жастары қатысты. Рәсімнің ашылуында сөз алған Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев шараның маңыздылығын айта келіп:
— Таулы Қарабақ — тарихтағы ауыр кезеңдердің бірі. Онда опат болған жауынгерлердің ерлігі ұмытылмай, ұрпақ санасына сіңуі тиіс. Бұл — жай ғана еске алу рәсімі емес, бұл — батырлар алдындағы парызымыз. Олар бейбітшілік үшін жанын пида етті. Енді олардың ерлігін бағалау — біздің борышымыз», — деді.
Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс 1988 жылы басталып, кеңестік кезеңнен кейінгі күрделі саяси-әскери дағдарыстардың бірі болды. 1992–1994 жылдар аралығында Әзірбайжан мен Армения арасында орын алған қантөгіс соғыста мыңдаған адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналды. Арада жылдар өтсе де, жағдай тұрақтала қоймады. 2020 жылы қыркүйек айында Таулы Қарабақта тағы да соғыс басталып, 44 күнге созылған қанды қақтығыс көптеген адамның өмірін жалмады. Бұл жолғы соғыс тек майдан шебінде емес, бейбіт тұрғындардың тағдырына да ауыр салмақ салды. Қақтығыс Ресейдің араағайындығымен жасалған үшжақты келісім арқылы тоқтатылғанымен, өңірде тұрақтылық әлі де толық орнаған жоқ.
Жиында сөз алған Таулы Қарабақ қақтығысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеу Каценұлы ел үшін жанын қиған сарбаздарды құрметпен еске алды:
«Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран. Біз жас жауынгерлердің жасаған ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Әрбір қойылған гүл — үзілген ғұмырға деген құрмет, сағыныш пен риясыз тағзым белгісі. Бұл рәсім — бір сәт үнсіздік арқылы бейбітшіліктің құнын ұғындырып, соғыс атаулының ешқашан қайталанбауын тілеу».
Ділназ Серікбай
