Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында азаматтардың кез келген санаты үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын бөлігін алуға төмен пайызбен делдалдық қызметтер көрсету туралы ұсыныстар таратылуда. Сондай-ақ, «делдалдар» БЖЗҚ мен уәкілетті операторлардың логотиптерін пайдалана отырып зейнетақы жинақтарын алуда жақын арада өзгерістер күтілетіні туралы хабарлайды. БЖЗҚ мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын тағы да қатаң түрде ескертеді.
Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген жағдайларда ғана алуға болатынын ескертеміз. Ең алдымен, ол — зейнет жасы, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2-топ мүгедектігінің белгіленуі, ҚР аумағынан тыс ТТЖ кету, мұрагерлік. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға тұрғын үй жағдайын жақсарту және/немесе емделу ақысын төлеу мақсатына заңмен бекітілген талаптарды орындаған жағдайда мына санаттағы азаматтар құқылы:
- ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар салымшылар (ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын сома мөлшерінде);
- зейнетақысы жоғалтқан табысының (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер — олар шотта қалған жинағының 50%-ына дейін пайдалана алады;
- еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинағының 100%-ына дейін);
- зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинағының 100%-ына дейін).
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек уәкілетті операторлар — екінші деңгейдегі банктер арқылы ғана қол-жетімді. Тиісінше, делдалдық қызметтер қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай ақы алмайды.
Күмәнді әрекетке қатысуға келісе отырып сіз ақшаңызды жоғалту қаупін тудырып қана қоймай, болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін жеке деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз.
БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, ақпаратты тек ресми көздерден алуға және құқықтық тұрғыдан қорғалған салада ғана әрекет етуге қатаң кеңес береді.
Барлық сауалдарыңызға жауап алып, өз зейнетақы жинақтарыңызды мақсатты пайдалану мен аударуға қатысты ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтықтан да: enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы, байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу жолымен көпарналы тегін байланыс немесе +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы, БЖЗҚ-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, Х және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексере аласыздар.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының баспасөз орталығы