«Көрші ақысы — тәңір хақысы» деп білетін халық үшін көршілермен араздасу қиямет екені анық. Алайда тірлікте небір жағдай болып жатады. Бірі іргелес пәтерлерден шыққан шуға шағымданса, енді біреулер ортақ мүлікке жауапсыз қараған қоңсыластарына ренжіп, бергі жағы пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын үй инспекциясына, діттегеніне дәлелді дәйектермен жеткісі келетіндер полиция мен сотқа жүгінеді. Бірден қала әкімінің әлеуметтік желідегі мессенджіне арызданатындар да баршылық. Мәселен, жақында әкімдік мессенджіне Мәшһүр Жүсіп көшесі, 48-үйдің бір тұрғыны сол мекенжайда орналасқан «Голос Экибастуза» газеті редакциясына қарасты жапсаржайдың (пристройка) шатыры қоқысқа толы деген шағым айтқан екен. Әлбетте, елең еттік. Наурызда жауған соңғы қалың қардан кейін, еріп, ішке ақпас үшін шатыр үсті тазаланғанын көзбен көрдік. Шағымданушы жіберген фотодан шатыр үстіндегі бір кесек ағаш пен қарақағаз (рубероид) кесіндісін байқадық. «Шатыр үстінде жел ұшырып келді-ау дейтіндей целлофан қалта, қағаз қиындылары, болмаса күзгі жапырақ қалса, бірсәрі. Редакция қоқысын шатырға апарып тастамайтыны тағы анық. Жоғары қабаттарда тұратын тұрғындар балкон-терезелерінен лақтырған қоқысқа неге біз жауап беруіміз керек?» — деп, жапсаржай иесі ретінде күңкілдеп алғанымыз да бар. Десе де осындай жағдайлар бола қалса, кім жауапты екенін білмекке Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық. Бөлімнің тұрғындармен жұмыс жөніндегі сектор меңгерушісі Самал Байғожина бірден жапсаржай иесі (демек, біздің серіктестік) жауапты екенін айтқанымен, көпқабатты үйдің жоғарғы қабаттарында тұратын тұрғындарды жауапқа тартуға болатынын растады. Бұл ескеретін жайт екен.
Әлбетте, қаладағы барлық көпқабатты үйде жапсаржай жоқ, дегенмен Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы мен Азаматтық кодекс аясында, сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне сәйкес құқық бұзушылық деп саналатын өзге мәселелер көп көрінеді. Осы жайттарға әбден қанық маман Самал Байғожина көпқабатты үйлерде жасауға болмайтын әрекеттер мен тыйым салынған мына дүниелерді жіліктеп берді. Бірден айта кетейік, ұсақ-түйек болып көрінген бұл әрекеттерге барған жандар міндетті түрде айыппұл арқалайды.
Қоқыс салынған пакеттерді кіреберіске шығарып қоюға тыйым салынған. Тіпті ұқыпты оралған қоқыс пакеті де есік алдына қойылған жағдай-да құқық бұзушылық болып есептеледі және «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 434-2-бабына сәйкес жазаланады — «Ортақ пайдалану орындарын ластау».
«Ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, соның ішінде тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау».
Айыппұл: 10-нан 20 АЕК-ке дейін (39 320 теңгеден 78 640 теңгеге дейін), жағдайға байланысты».
Темекі тұқылын қоқыс жәшігінен тыс жерге, соның ішінде терезеден тастауға, сондай-ақ, кіреберісте шылым шегуге тыйым салынған. Пәтеріңіздің терезесінен немесе балконынан тасталған темекі тұқылы да құқық бұзушылық болып табылады және ҚР ӘҚБтК 434-2-бабына жатады — «Ортақ пайдалану орындарын ластау».
«Ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, соның ішінде тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау.
Айыппұл: 10-нан 20 АЕК-ке дейін (39 320 — 78 640 теңге аралығында), жағдайға байланысты».
Подьезд сияқты ортақ пайдалану орындарында темекі шегу де құқық бұзушылық. ҚР ӘҚБтК 441-бабы: «Темекі шегуге тыйым салынған орындарда шегу» бойынша айыппұл: 15 АЕК (58 980 теңге).
Көпқабатты үйдің подъезінде ішімдік ішетіндерді ешбір көрші жақтырмайды. Бұл әрекетке барып, қоғамдық тәртіпті бұзғандар ҚР ӘҚБтК 440-бабына сәйкес — «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру» бойынша жазаланады. Айыппұл: 5 АЕК (19 660 теңге).
Кей подьездерде бәзбіреулер өз «автографтарын» қалдыруға тырысады. Әсіресе, жасөспірімдер мұндайға жиі барады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тұрғын үйлерге, қоғамдық орындарға, көлік мүліктеріне, жалпы пайдалануға арналған жерлерге сурет салу немесе бүлдіру де заңбұзушылық. Тәртіп пен абаттандыру ережелерін бұзғандарға айыппұл — 50 АЕК (197 600 теңге) немесе 5-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау.
Күн жылынысымен қалалықтар пәтерлерін жөндеуге кіріседі. Жаңарту, әрлеу жақсы ғой, тек жөндеуден соң қоқысты үй маңында қалдырған заңға қайшы. Тіпті уақытша болса да, жөндеуден кейінгі құрылыс қалдықтарын үйдің қасына немесе ортақ аумаққа жинау абаттандыру ережелерін бұзу болып саналады. Бұл әрекет ҚР ӘҚБтК 505-бабында көрсетілгендей «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл желектерді жою және зақымдау» деп танылып, кез келгеніміз абаттандыру және қауіпсіздік ережелерін бұзғанымыз, инфрақұрылымды бүлдіріп, жасыл желектерге зиян келтіргеніміз үшін 20-дан 30 АЕК-ке дейін (78 640 — 117 960 теңге) айыппұл арқалауымыз ғажап емес.
Айтпақшы, подъезде, егер арнайы орын бөлінбесе, велосипед, арба және басқа жеке заттарды қалдыруға болмайды екен. Маман пікірінше, коридорда велосипедті немесе баспалдақ алаңында ескі жиһазды сақтау эвакуацияға кедергі келтіруі мүмкін және бұл өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзады. Мұндай әрекет ҚР ӘҚБтК 410-бабында «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау» деп көрсетілген. Айыппұл: 5-тен 10 АЕК-ке дейін (19 660 — 39 320 теңге).
Жануарларды, әсіресе, иттерді рұқсат етілмеген жерде серуендету немесе подъезде, баспалдақ алаңында ұстау өзге көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, санитарлық нормаларды бұзады. Бұл ҚР ӘҚБтК 407-2-бабына жатады — «Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзу». Санитарлық нормаларды бұзған жандарға 10-нан 20 АЕК-ке дейін (39 320 — 78 640 теңге) айыппұл салынады.
Панельден салынған көпқабатты үйлердің басты проблемасының бірі — шу өткізгіштігі. ҚР ӘҚБтК-нде бұл да ескерілген. Таңертең ерте немесе кешке қатты музыка қосу, жөндеу жұмыстарын жүргізу көршілердің тыныштығын бұзса, бұл үшін де айыппұл қарастырылған. ҚР ӘҚБтК 437-бабы — «Тыныштықты бұзу». Айта кетерлігі, көршілердің демалысы мен тыныштығына кедергі келтірген жеке немесе заңды тұлғаларға айыппұл көлемі әр түрлі. Заңда ол былай көрсетілген:
— Жеке тұлғалар үшін — 5 АЕК (19 660 теңге);
— Шағын бизнес субъектілері үшін — 20 АЕК (78 640 теңге);
— Орта бизнес субъектілері үшін – 30 АЕК (117 960 теңге);
— Ірі кәсіпкерлер үшін — 100 АЕК (393 200 теңге).
Тұрғындар тарапынан жиі айтылатын құқық бұзушылықтардың бірі — көшеде немесе подъезде дәрет сындыру. Бұл әрекет қоғамдық тәртіп пен санитарлық нормаларды бұзу болып саналады. Қоғамдық орындарда табиғи мұқтаждықты өтеу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында «Ұсақ бұзақылық» деп танылып, ол үшін 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау белгіленген.
Көпқабатты үйлер тұрғындары назар аударуы тиіс заңнама нормаларының бір парасы — осы. Заң талаптарын сақтау тек айыппұлдан құтқарып қана қоймай, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді. Әрқайсымыз өз әрекетіміз үшін жауапты екенімізді ұмытпайық, көршілер! Тәртіп — баршаға ортақ!
Айнұр Зайыргелді