
18 сәуір күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы болды. Отырыста қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева баяндама жасап, биылғы жылғы қала бюджетін нақтылау туралы айтты.
Салтанат Қойшыбайқызының сөзіне қарағанда, қала бюджетін нақтылау бюджеттің кіріс бөлімін нақтылау, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік сатып алудан үнемдеген қаржыны қайта бөлу және т.т. есебінен жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, қала бюджетіне мынадай өзгерістер енгізілмекші:
— негізгі капиталды сатудан түсімдер 2966,4 миллион теңгеге ұлғайған;
— 129,2 миллион теңге сомасындағы бос қалған бюджеттік қаражатты қайта бөлу;
— 239,9 миллион теңге сомасында облыстық бюджетке реттеу жүргізілген;
— Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мемлекеттік сатып алудан үнемдеген сомасы 363,6 миллион теңге қаржыны есепке алу.
Енді осы қаржы қайда жұмсалмақшы деген сұраққа жауап берейік. ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне — 1748,4 миллион теңге, құрылыс бөліміне — 740,9 миллион теңге, әкім аппаратына — 509,9 миллион теңге; мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне — 116,2 миллион теңге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 93,5 миллион теңге және т.т.
Енгізілетін өзгерістерден соң қала бюджеті 73034,7 миллион теңгені құрайтын болады.
Бюджетті нақтылау мәселесі талқыланғанда халық қалаулыларының әдеттегіден де белсенді болатыны белгілі. Депутат Владимир Егер Шідерті әкімінің бюджеттік өтінімдері қанағаттандырылғанын не қанағаттандырылмағанын білгісі келіп еді, орталық саябақты абаттандыруға 71 миллион теңге қаржы бөлінген екен.
Ауылдық елді мекендер туралы сөз қозғалған соң айта кетейік, Ақкөл ауылдық округіне 52 миллион теңге қаржы бөлу қарастырылған. Бұл мақсатты қаржы елді мекенді көркейту және көгалдандыруға, көшелерді жарықтандыруға жұмсалады.
Депутат Манат Алғамбаров: «Төртүй-Тай» бағытындағы қатқыл табанды жолға жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлінді ме?» — деп сұрап еді, «Ауылдық округ әкімінен өтінім болған жоқ» деген жауап естіді. Сонымен қатар, Манат Қажыбекұлы «Екібастұз — Ақкөл» бағытындағы асфальт жолға жол белгілерін орнату мерзімі тым созылып кеткеніне наразылық білдірді.
— ТҮКШ бөлімінде үнемделген қаржы бар. Аталмыш мәселені сол бөлім басшысымен шешу керек, — деді Салтанат Қорабаева.
Өз тарапымыздан қосарымыз, жол белгілері мәселесі көтерілгелі жеті-сегіз ай өтті. Содан бері еш қозғалыс жоқ, атқарушы билік сырғытпа жауаппен құтылып келеді. Бетін аулақ қылсын, әрине, жол апаты бола қалса, не айтар екен?
Екібастұз қаласында қысқы спорт сарайын салу мәселесі айтылғалы да біраз жыл өтті. Абырой болғанда, ол оң шешімін тапқан сыңайлы. Мемлекет басшысының қолдауымен республикалық бюджеттен қаржы бөлініпті. Спорт сарайы құрылысы биылғы жылдың екінші жартыжылдығында басталады екен.
Тағы бір жағымды жаңалық: «Екібастұз тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылыпты. Жаңа кәсіпорын ауылдық елді мекендерді абаттандыру мәселесімен айналысатын болады. Ал Солнечный кентінде өрт сөндіру бекеті ашылады.
Енді мәдениет пен өнер жағына ойыссақ, мұнда да жағымды жаңалықтар бар. Екібастұз қаласында драма театрын ашуға қам жүргізіліп жатыр. Әзірге бұл мақсатқа 31 миллион теңге бөлініп, 18 бірлік штат бекітіліпті. Жаз ішінде шаһарға биылғы түлектер ішінен кәсіби әртістер шақыру қолға алынады.
Осы жолы «Атамұра» мәдениет орталығына 35 миллион теңге қаржы берілетін болды. Оның 8680 мың теңгесі Бәйет ауылындағы жаңа клубты жарақтандыруға, 27 миллион теңгесі Ақкөл ауылы клубында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақшы.
Біршама уақытқа созылған талқылаудан соң халық қалаулылары қала бюджетіне енгізілетін өзгерістерді мақұлдап, сессия қарауына ұсынды.
Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысында Екібастұз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы №80/8 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туарлы» шешіміне өзгеріс енгізіліп, Екібастұз қаласы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспары бекітілді.
Ж. Жәлелұлы