
Кейінгі жылдары балалардың терезеден құлау фактілері жиіледі. Әсіресе күн жылынғалы еліміздің әр өңірінде жағымсыз хабарлар тіркелуде. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар, полиция, медицина қызметкерлері халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де қалалық аурухана статисі Алина Габдулганиева балалар жарақатының алдын алу жөнінде әңгімеледі.
— Кішкентай балалар «терезеден қауіп төнеді» дегенді түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан ата-ана баланы сөзбен ғана емес, ісімен де қорғауы тиіс. Ең алдымен қарапайым қауіпсіздікті естен шығармау керек. Терезені жауып жүру, бөлмені желдеткенде терезенің қасында балақайлардың болмауын қадағалау аса маңызды, — дейді дәрігер. — Бала терезе жақтауына шығып, құлап кетпеуі үшін жиһазды терезеге жақын қоймаған дұрыс. Маса-шіркейге қарсы тор — алдамшы кедергі, ол жалған қауіпсіздік сезімін туғызады. Балалар соған сүйеніп, тормен бірге құлап кеткен жағдайлар да кездескен.
Осылай деген дәрігер былтыр жазда 2 сәбидің биік үйдің терезесінен құлағанын айтты. Өкінішке қарай, оларды құтқару мүмкін болмаған.
Балаларды қауіптен сақтау үшін мамандар мынадай кеңес береді. Кішкентайлар терезені өздігінен аша алмайтындай етіп блокатор не фиксатор орнатқан жөн. Тіпті болмаса, терезенің тым кең ашылуына жол бермейтін шектеулер қойыңыз. Терезенің алдына шығу қауіпті екенін балақайларға түсіндіріңіз. Сондай-ақ, терезені ашып кетпеуді үйдің басқа мүшелеріне де әрдайым ескертіп отыру қажет.
Брифингте балалар жарақатын басқа себеппен алғандар туралы да сөз болды. Айталық, 2025 жылдың бірінші тоқсанында бірқатар бала мұз айдыны мен сырғанақ тепкеннен жарақаттанған. Балалардың, сондай-ақ, тұрмыстық химиялық заттардан улануы да кездеседі. Мұның бәрі ересектер қадағалауының жеткіліксіздігінен орын алып отыр.
— Күн жылығалы мотокөлік айдаушылар саны өседі. Ол да кәмелетке толмағандар үшін қауіп көзі. Былтыр мопед, скутер, электрсамокат айдап жарақаттанған балалар көп болды, — дейді статист маман А.Габдулганиева.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бас-тап мотокөлік айдаушылар үшін тәртіп күшейтілді. Бұл жасөспірімдер арасындағы жарақаттану жағдайларының төмендеуіне септігін тигізеді деп сенеміз.
Кенже ҚУАТ