
Екібастұз өңірінде мал ұрлығы азайған: 2025 жылдың І тоқсанында 1 ғана факті тіркеліпті. Ал 2024 жылы мал ұрлығы жөнінде мүлде шағым түспеген. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Әйтсе де малын еркін жайып, бейқам жүргендер көп-ақ. «Шығасыға иесі басшы» деген. Қараусыз малдың қолды болуы оңай емес пе. Оның үстіне бақташысыз жүрген түліктің автокөлік жолына шығып кетіп, апаттық жағдайға себеп болу оқиғалары көбейді.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Медет Бейсенов қараусыз малға қатысты қолданылған іс-шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзған 23 факті анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға аз. Өз мүлкіне салғырттық танытқан азаматтарға ҚР ӘҚБК 408-бабына сәйкес жалпы сомасы 169 мың теңге айыппұл салынған. Бүгінге дейін оның 133 мың теңгеден астамы өндірілген.
Өңірде 153 мыңнан аса мал тіркеліпті. Соның ішінде 56 мыңға жуық ірі қара, 43 мыңға тарта жылқы бар екен. Малды қараусыз қалдырмау жөнінде учаскелік инспекторлар мал иелерімен тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Соған қарамастан жол бойында қараусыз жайылған мал әлі де азаймай отыр.
— Ағымдағы жылы 159 иесіз мал айып тұрағына қамалды. Оның 90-ы мүйізді ірі қара болса, 69-ы — жылқы. Айып тұрақтары барлық ауылда ұйымдастырылған, — дейді майор М.Бейсенов. — Сондай-ақ, мал тасымалдау ережелерін бұзған 11 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБ 406-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Азаматтар тиісті рұқсат қағазын алу үшін ветеринар мамандарға жіберілді. 10 адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі полиция басқармасының тұрақты бақылауында. Осы мақсатта тұрғындармен 11 кездесу өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген, рейд өткізілген.
Рейд барысында айып тұрағына әкелінген малды ауыл ветеринарлары түр-түсі, белгісіне қарай ажыратып жатады. Дегенмен чиптелмеген малдың кімдікі екенін анықтау, әсіресе, көршілес облыстар аумағынан бері өткен малдардың иесін табу бірқатар қиындық туғызуда.
Тас жол бойында қараусыз жүрген мал жөнінде 102-ге хабарлауға болады.
Майор М.Бейсенов алкогольден бас тартқан ауылдар жөнінде де айтып өтті: «Өткен жылы Теміржол ауылдық округі алкогольді ішімдік саудасынан бас тартып, өзгелерге үлгі болған еді. Жыл қорытындысында ол ауылда ешқандай қылмыс тіркелмеді. Биыл басқа ауылдардың тұрғындары да осы бастаманы қостап, алкоголь өнімдерінен бас тарту жөніндегі меморандумға қол қойды. Арақ көп проблеманың бастауы екені белгілі. Арақтың кесірінен көптеген отбасы ойран болып, қылмыс жасалады. Сондықтан бұл бастаманың жемісі көп күттірмесі анық».
Г.ҚУАТҚЫЗЫ