Сәуірдің 18-і күні Екібастұз қаласы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Аян Бейсекин, қала прокуроры Қанат Атығаев, кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелер басшылары, ауылдық округ әкімдері, жастар мәслихатының депутаттары мен белсенді жастар қатысты.
Кеңес отырысында жастар саясатын жүзеге асыру бағытында қалалық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Атап айтқанда, жастар бастамаларын жүйелеу мақсатында әзірленген 17 жобадан тұратын 8 ақпараттық тақта ұсынылып, қаланың жастармен жұмыс істеу тәжірибесі мен жаңа бастамалары көрініс тапты.
Сондай-ақ, отырыс аясында жұмысшы жастарды қолдауға бағытталған серіктестік меморандумдарына қол қойылды. Бұл келісімдер «Богатырь Көмір» ЖШС, «Б.Нұржанов атындағы МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ және «ЕЭК» АҚ-ның «Шығыс» көмір кенішіндегі «Жастар лигасы» ұйымдарымен жасалды. Қол қою рәсіміне кәсіпорындардағы жастар қозғалысы өкілдері мен Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан қатысты.
Кеңес барысында Еркін Амангелдіұлы 2024 жылы жүзеге асқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырды. Оның айтуынша, орталықтың қызметі Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сай жүргізілуде.
— Жастарды толғандырып жүрген мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Біз әр адаммен жеке жұмыс жүргіздік. Психологиялық қолдау, бейресми білім беру тренингтері мен кәсіби бағдар сессиялары арқылы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Атқарылған жұмыстар — мемлекеттік жастар саясатының нақты іске асуының көрінісі. Бұл жобалар арқылы біз жастардың өз болашағы үшін жауапты тұлға екенін көрсеттік, — деді орталық директоры.
Сондай-ақ, ол жастар кәсіпкерлігін қолдау, волонтерлікті дамыту, экологиялық жобаларды ілгерілету сынды бағыттарда қол жеткізілген жетістіктерді атап өтіп, жастардың белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын тілге тиек етті.
Алдағы жылға арналған жоспарлар да жастардың нақты сұранысына негізделіп құрылып отыр. Мәселен, кәсіптік білімді насихаттауға арналған «ProfiFest», жұмыссыз жастарға арналған «Жастарға жұмыс» онлайн-жәрмеңкесі, сыни ойлауды дамытуға бағытталған «FanDebate» және республикалық пікірсайыс турнирі, сондай-ақ, Жайдарман лигасының кеңейтілуі — барлығы жастардың әлеуетін ашуға бағытталған. Сонымен қатар, есірткі, лудомания және интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған тренингтер, «Сәтбаев ізбасарлары» жобасы аясындағы хакатондар мен ғылыми кездесулер де жемісін беруі тиіс.
Жастар ұсынған бастамалар да назардан тыс қалмаған: скауттық және мотоспорт жарыстары, волейбол лигасы, отбасылық квесттер, экологиялық науқандар мен әлеуметтік эксперименттер. Бұған қоса, «Ауыл CONNECTION», «VIBE CONNECTION», «Qcast» подкаст, «EKB acoustic» секілді жобалар жастардың әлеуметтік және мәдени белсенділігін арттыруға сеп болмақ.
Қала әкімі Аян Уахитұлы кеңесті қорытындылай келе, жастар саясатына қатысты негізгі басымдықтарды атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты — жастармен тек іс-шаралар өткізіп қана қоймай, ең алдымен оларға нақты өмірлік дағдылар беріп, тұлғалық және кәсіби дамуына жол ашу.
— Жастарды шабыттандырып қана қоймай, оларды заманауи талаптарға сай қалыптастыру — басты мақсат. Осы жолда тек Екібастұз қаласымен шектеліп қалмай, еліміздің өзге өңірлері-мен де тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу керек. Себебі өзара ықпалдастық пен ортақ бастамалар арқылы жастардың танымдық көкжиегі кеңейіп, жаңа идеялар қалыптасады. Қай салада болмасын: ғылымда, білімде, мәдениетте — біздің жастар белсенділік танытуы тиіс. Сол себепті осы бағыттарда нақты жобалармен тұрақты әрі жүйелі түрде айналысу қажет. Бұл кездесу оң нәтижелерге жол ашып, алдағы жұмыстарға жаңа серпін береді деп сенемін, — деді қала басшысы.
Ділназ Серікбай
