Қала әкімдігінде кондоминиум нысандарын басқару ұйымдары қатысқан басқосу өтті. Басқосуда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жайы сөз болды.
Қала басшысы Аян Бейсекин жылу орталығындағы апаттан кейінгі екі жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын, жылыту маусымы ойдағыдай өтіп, биыл тұрғындар тарапынан шағым түспегенін айтып, алдағы қысқа да тыңғылықты дайындалуға шақырды.
— 14-20 сәуір аралығында қаладағы магистральдық және орамішілік жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізілді. Сынақ барысында 179 ақау анықталды. Соның ішінде магистральдық желілерде — 27, орамішілік желілерде 152 ақау көрінді. Оларды жою кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазірден бастап бұл жұмысқа мердігер ұйымдар мен жылу беру ұйымдары жұмыскерлерінен құралған 25 бригада кірісті, — деді ол.
Жоспар бойынша ыстық су көпқабатты тұрғын үйлерге 17 мамырдан бастап кезең-кезеңмен беріле бастайды. Сол күні төрт жүзге жуық көпқабатты тұрғын үй мен 51 әлеуметтік нысанды ыстық сумен жабдықтау қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.
Аян Уахитұлы биыл №№2, 7 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілетінін айта келіп, жұмыс жүріп жатқанда, яғни, жаз бойы осы магистральдарға қосылған 182 көпқабатты үйде ыстық су болмайтынын ескертті. Қала әкімі мұның мәжбүрлі шара екенін, аталған магистральдарды жөндеу кезек күттірмейтін шаруа екенін атап өтті. Реконструкция жұмыстары болжамды түрде 15 тамызға дейін жүргізілмек.
Келесі кезекте тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдиннің баяндамасы тыңдалды. Бөлім басшысы жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүріп жатқанын мәлімдеді. Бүгінге дейін көптеген тұрғын үйлерде жылу жүйесін жуу, сығымдау жұмыстары атқарылған.
Осыдан соң Ә.Байділдин ПИК өкілдерін абаттандыру айлығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Тағы бір мәселе — жасөспірімдердің көпқабатты тұрғын үйлердің шатырына шығып кетуі. Мұндай жағдай, әсіресе, жазғы маусымда жиі орын алатынын айтқан бөлім басшысы көпқабатты үйлердегі даландарға, шатырға шығатын есіктердің кілтіне мұқият болу керегін еске салды. Бұл туралы полиция басқармасының бастығы Төлеген Айдарханұлы да сөз қозғады. Шатырдан біреу құлап мертігетін болса, жауапты ұйымға ҚР әкімшілік кодексінің 479-бабына сәйкес құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарламағаны және шаралар қабылдамағаны үшін айыппұл салынады.
Т.Құдайбергенов жөндеу жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындардың өз мүліктеріне мұқият болуын сұрап, ұйымдар мен кәсіпорындарға бейнекамералар орнатуға кеңес берді. Бейнекамералар құқық бұзушыны жылдам табуға көмектесіп қана қоймай, жаңа қылмыстардың алдын алатыны анық. Себебі алдында камера тұрғанын көрген адамдар өз жүріс-тұрысын түзеп, заңға қарсы әрекет жасаудан тартынары сөзсіз. Полиция, сондай-ақ, тұрғын үй маңайында тазалық сақталмағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік артылатынын ескертті.
Қоғамдық белсенді Александр Разумовский кондоминиум нысандарын басқару ұйымдарының қызметі үшін ақыны көтеру мәселесін қозғады. Қоғамдық белсенді тарифті соңғы бекітілген 40 теңгеден 58 теңгеге көтеруді ұсынады. Бұл мәселе алдағы уақытта талқыланатын болады.
Отырыс соңында қала әкімі кондоминиум нысандарын басқару ұйымдарына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын маусым айының соңына дейін бітіруді тапсырды. Сонымен қатар, алдағы жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу үшін дайындық жұмыстарын сапалы орындаудың және уақытылы аяқтаудың маңызды екеніне назар аударды.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ