17 сәуір күні «Жасыбай» спорт сарайында дәстүрлі «Екібастұз барысы» турнирінің жалауы желбіреді. Қазақ күресін дәріптеп жүрген палуандар ортаға шығып, Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев пен қалалық қазақ күресі федерациясының төрағасы Орынбасар Әлеев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жазушы Жұмағали Қоғабай бата берген соң, бозкілемдегі белдесулер басталып кетті.
Жеңіл салмақтағы палуандар күресіп болғаннан кейін 7 жігіт ауыр салмақта бақ сынады. Түйе палуандар жеребеге сәйкес екі топқа бөлініп күресті. Алғашқы белдесуде екі мықты палуан бір-біріне тап болды. Дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Махамбетовтің әр жылдары қалалық «Екібастұз барысы», облыстық «Ертіс барысы» іріктеу турнирлерінің жеңімпазы не жүлдегері болғанын спорт сүйер қауым жақсы біледі. Оның қарсыласы Қобыланды Зайыргелдинов — бала күнінде республикалық «Жас барыс» турнирінің, жастар арасында ел чемпионатының жүлдегері атанған мықты палуан. Бозкілем үстіндегі арпалыс Қобыландының шабуылымен басталып, ол әп дегенде «жамбас» ұпайын иеленді. Әйтсе де тәжірибесі бай Арман жасыған жоқ, оңтайлы сәтте әдіс жасап, «жартылай жеңіс» ұпайына қол жеткізді. Бұдан кейінгі уақытты екі палуан текетіреспен өткізіп, Арман келесі кезеңге өтті.
Жарысты тамашалап отырған қауым салмағы 160 килоға жуық палуан Дәурен Закариевті турнир жеңімпазы болады деп болжап отырған еді. Бірінші белдесуінде ол осы үмітті ақтап, тағы бір атақты палуан — Ислам Жаңбырбаевты таза ұтты.
Келесі белдесуде кілемге Қанағат Кәкенов пен Азамат Әліпбай шықты. Екеуі ырғасып жүргенде 5 минут сырғып өтіп жатты. Тек соңғы 10 секунд қалғанда Азамат әдіс жасап, жеңіске жетті.
Жартылай финалдағы Арман мен Дәуреннің белдесуі көпшіліктің қанын қыздырды. 90 килоға жетер-жетпес салмағы бар, бойы да аласа Арманның таудай Дәуренге төтеп беруі күмәнді көрінген-ді. Бірақ олай болмай шықты. Негізгі уақытта палуандар тең түсіп, қоян-қолтық белдесуде Арман Дәуренді жығып кетті.
Екінші жартылай финалда Азамат Әліпбай мен жасы әлі он сегізге толмаған Ерасыл Қайыркен күресті. Жас болса да дене бітімі ірі, білек күші де мығым Ерасылдың бір әдісі белдесу тағдырын шешіп, ол финалға жолдама алды.
Үшінші орын үшін болған белдесуде Дәурен қарсыласы Азаматты еш қиындықсыз таза ұтты. Финалдық белдесуде Арманның бай тәжірибесі мен хас шеберлігі басымдық беріп, ол жас палуан Ерасылдың жауырынын кілемге тигізді. Сөйтіп, қалалық іріктеу турнирінің жеңімпазы атанып, «Екібастұз барысы» белдігін иеленді. «Екібастұз арланы» атағы Ерасыл Қайыркенге, «Екібастұз сұңқары» атағы Дәурен Закариевке бұйырып, дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айтпақшы, іріктеу турнирінде жеңіл салмақтағы палуандар да күресті. Жеңімпаздарды атап өтер болсақ, олар: Мадияр Қайриден (55 кило), Қуаныш Әнуарбек (60 кило), Ислам Нәкенов (66 кило), Елназ Жанбек (74 кило), Әлижан Жаңбырбаев (82 кило), Сұлтан Жұмабек (90 кило), Қобыланды Зайыргелдинов (100 кило) және Дәурен Закариев (+ 100 кило).
Енді «Екібастұз барысы» турнирін ұйымдастыру жағын сөз етуді жөн көрдік. Аталмыш турнирдің облыстық жарысқа қатысатын палуандарды іріктеп алу үшін өткізілетіні белгілі. Одан кейінгі саты — «Қазақстан барысы». Оған жасы 18-ден асқан, салмағы 90 килодан кем емес палуандар ғана жіберіледі. Ендеше «Екібастұз барысы» турнирінде салмағы жеңіл палуандарды күрестірудің қажеттілігі жоқ сияқты. Мәселен, осы жолы жарыс сағат 11.00-де басталып, сағат 17.30-да әрең аяқталды. Турнирдің осыншама созылуы көрерменді де, палуандарды да қажытып, жарыстың берекесін кетірді. Екіншіден, 90, 100, +100 салмақтағы палуандар «Екібастұз барысына» іріктеу басталғанша өз салмақтарында үш-төрт белдесу өткізіп, күш-қуатын кетіріп алады да, түйе палуандар жарысына шаршаңқы шығады. Осыны ойлады ма, әйтеуір Арман Махамбетов 90 кило салмақта күрескен жоқ.
Айтпақшы, облыстық «Ертіс барысы» турнирінде тек түйе палуандар ғана күреседі. Олай болса, турнирді ұйымдастырушылар мен төрешілер келесі жылы осы жайтты ескеруі тиіс.
Сөз соңында айтарымыз, осы жолғы іріктеу турнирінде бірінші және екінші орындарды еншілеген палуандар алдағы уақытта облыстық «Ертіс барысы» турнирінде Екібастұз қаласының намысын қорғайтын болады.
Ж. СӘДУАҚАС
Маңызды