23 сәуір күні Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен облыс әкімі Асайын Байханов келді. Аймақ басшысы әуелі Астана көшесін асфальттау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Қала әкімі Аян Бейсекин биыл жаз жалпы көлемі 160 мың шаршы метр көше жолдарын, 70 мың шаршы метр кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланғанын айтып берді.
Сонымен бірге, 24 әлеуметтік нысанға кіреберіс жолдарға да асфальт төселіп, жалпы көлемі 124 мың шаршы метр жеке сектордағы көше жолдары тегістеледі. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар анықталған, олар 30 наурызда жұмысты бастап кетіпті. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын 15 маусымға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Бұдан соң аймақ басшысы Екібастұз ЖЭО-на аялдады. Мұнда қала әкімі №№5,6,8,9 энергетикалық қазандықтар, №№11,13,14 бу қазандықтары, №3 түтін мұржасы жөндеуге қойылатынын баяндады. Жалпы, жөндеу жұмыстарына 10,9 миллиард теңге қаржы жұмсалмақшы.
Басшылар ЖЭО-ны аралап шыққан соң, алдағы жылыту маусымына әзірлік мәселесі талқыланған отырыс өткізді. Онда ЖЭО-дағы, магистральдық және орамішілік жылу құбырларында жүргізілетін жөндеу жұмыстары пысықталды. Содан соң аймақ басшысы реконструкцияланып жатқан №2 жылу магистралінде болды.
Ол тұстан ары қарай жылжыған басшылар Естай Беркімбаев көшесі, 184 «а» үйдің ауласына көлік басын тіреді. Мұнда «Нұрал» ЖШС ауланы асфальттауға әзірлік жүргізіп жатыр екен. Қала басшысы Аян Уахитұлының сөзіне қарағанда, биыл жаз 25 аула іші асфальтталып, 50 балалар ойын алаңшасы орнатылады. Сонымен бірге, 7 жаңа футбол алаңы жасалып, бұрынғы 8 футбол алаңы қайта жаңартылады.
Екібастұз қаласына заманауи қысқы спорт сарайының қажеттігі көптен бері айтылып жүр емес пе. Сол игі істің сәті түсіпті. Жеңіл атлетикалық манежімен қоса жоспарланған қысқы спорт сарайын Сәтбаев көшесі бойындағы ашық алаңда салу ұйғарылыпты. Қала әкімі Аян Бейсекин аймақ басшысына мұндағы 3 гектар жердің ыңғайлы екенін айтып, ғимарат сызбасымен таныстырды.
Ж. Жәлелұлы
