Қала әкімі Аян Бейсекиннің қатысуымен аппараттық-бағдарламалық кешендерді енгізу жөнінде көшпелі кеңес өтті. Көшпелі кеңесте «Полицияның кезекші бөлімдерін ЖБО-на (жедел басқару орталығы) ұқсас жарақтандыру және жинақтау» жобасы талқыланды. Басқосуда қосымша бейнебақылау жүйелерін орналастыру мәселесі сөз болды.
— Бұл мәселе Екібастұз қаласы үшін өте маңызды. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат аясында қала бойынша бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Екібастұз қаласы полиция басқармасы 5 ішкі бейнебақылау жүйесін орнатты. 18 тірекке 4 камерада, барлығы 72 қоғамдық бақылау камерасы және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін 5 аппараттық-бағдарламалық жүйе орнатылған. Жобаны енгізу ҚР ІІМ техникалық кеңесінің бірыңғай талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізіледі. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары аяқталып, республикалық реестрлер базасына қосылу жұмыстары жүргізілуде, — деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылық санын едәуір азайтатынын, қылмысты ашуға көмектесетінін статистика мәліметтері де растайды.
Кенже ҚУАТ