Көзі қарақты оқырман қауым «Отбасы хрестоматиясы» топтамасымен жарық көрген кітаптарды қадағалап жүргені кәміл. Сол кітаптардың бірнешеуін атап өтер болсақ, «Әлдиден эпосқа дейін», «Қуыс кеуде», «Бейсен және болмыс», «Өзбекәлі және мәдени майдан» және тағы-тағылары. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын Екібастұз қаласында «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының тұсаукесері өткізілген еді. Енді, міне, 10 сәуір күні оқырман қауым «Өнер» мәдениет сарайында қаламгер Санжар Керімбаймен тағы жүздесті. Бұл жолы баспадан былтыр шыққан «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесері болды.
Жаңа кітаптың аннотациясында: «Бұл кітаптың Қаныш Сәтбаевқа арналған басқа кітаптан ерекшелігі — кейіпкердің өмірбаянын толық баяндап шығуды мақсат етпейді. Қаныш Сәтбаевтың кейбір шешімі мен іс-әрекетін экзистенция анализі, онтология, логотерапия, феноменологиялық әдіспен түсіндіреді» делінген анықтама беріліпті.
Оқырманмен дидарласқан кезінде кітап авторы Санжар Керімбай әңгімені осы тұрғыдан өрбітіп, біртуар ғалым Қаныш Сәтбаевтың қазақ ғылымын дамытуға сіңірген өлшеусіз еңбегін нақты оқиғалар арқылы баяндады.
Сөз болып отырған тақырыпқа кірісер алдында автор 2022 жылдың желтоқсан айында жазушы Медеу Сәрсекемен жолығады. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырман Медеу Сәрсекенің «Сатпаев» кітабы 1980 жылы Мәскеуде «Жизнь замечательных людей» сериясымен орыс тілінде басылғанын біледі. Неліктен солай болғанын автор кейін 1996 жылы жарық көрген «Қуғындалған Сәтбаев» кітабында егжей-тегжейлі жазған болатын.
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабында Қаныш жайлы мол дерек осы кітаптардан алынған, сонымен бірге, ғұлама ғалымның шәкірттері һәм ізбасарлары Ебіней Бөкетов, Шапық Шөкин, академиктің жұбайы Таисия Сәтбаева мен қызы Шәмшиябанудың естеліктері кәдеге жаратылған.
— Біз Қаныш Сәтбаевты жас буынға үлгі етіп, ғылымға бет бұруға талаптандыруды мақсат еттік. Өйткені философиялық түсінік бойынша «Қаныш — Тәңірлік адам». Ол дегеніміз — саналы түрде азапты жолды таңдап, елдің жүгін арқалау. Ғалым көзі жұмылғанша сертіне адал болып, ұлттық ғылымды өркендетіп кетті, — деген Санжар Керімбай атақты геологтың жер астындағы кен байлығын қалай зерттегенін, 1958 жылы әйгілі «Болжам картасын» қалай жасағанын айтып өтті.
Қаныш Сәтбаевтың Қазақ КСР Ғылым академиясын құрғаны, тұңғыш президенті болғаны тарих бетінде қаттаулы тұр. Алайда сол ғылым ордасын ашу үшін жасаған жанқиярлық іс-әрекеті, келешектің қамын көздеген стратегиялық жоспары жайлы көпшілік біле бермейді. Жаңа кітапта мұның бәрі тәптіштеліп баяндалған. Ендеше, кітапқа үңілейік: «Ғылым қазақ тілінде сөйлейді» деген амбициясынан бас тартпады. Ұлттық идентификация түбінде көне дәуірден тамыр тартатын рухани білім мен ақыл-парасат жатқанын ұқты. Сол үшін де ұлттық болмысты ұстап тұратын — тіл, әдебиет, тарих, этнография, өнер институттарына басымдық берді. Ғылыми майдандағы негізгі қарулары — осылар. Оның осы майдан үшін күресін дербестік үшін күрес десе де болады. Ол Академияның тәуелсіз құрылымы арқылы орыс ғылымына жұтылып бара жатқан қазақ мәдениетін империяның жемсауынан суырып алуға ұмтылды».
Академия ғимаратының жобасын сыздыруда, оны салдыруда Қаныш Сәтбаевтың Одақтағы зор беделі мен абыройының көмегі тигені де айтылды. Мәселен, Мәскеудегі Ленин мавзолейін салған сәулетші А.Щусев ғимарат архитекторы болған. Сәулетшімен сөйлескенде Қаныш Имантайұлы: «Ұлттық колорит басым болса. Сырттай қарағанда қанатын жайған қырандай айбарлы көрінсін. Біздің Академияның салтанатты есігі Қожа Ахмет Яссауи мазарының кіреберіс есігін еске салып тұрсын…» деген өз ойын білдірген екен.
Жалпы, Қазақ Академиясының құрылу тарихынан Қаныштың көмекшісі Бөпежан Аяпбергенов мол ақпарат қалдырып, сол мәліметтер кітапта пайдаланылған.
«Өнер» мәдениет сарайындағы кездесуде Санжар Керімбай мемлекет қайраткерлері, ұлтшыл азаматтар Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаровтың Қаныш Сәтбаевқа ғылыми майданда тірек болғанын тілге тиек етіп, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің досы әрі сенімді серігі, идея берушісі болғанын ерекше атап өтті. Оған қоса, Қаныш Сәтбаевтың ұлттық кадрларды даярлауға айрықша мән бергені, жас ғалымдарға жасаған қамқорлығы, ғылыми тақырыптарды таңдауға бағыт-бағдар бергені нақты мысалдармен қызықты етіп айтылды.
Кітап авторы Санжар Керімбай ғұлама ғалымның ұлт мүддесі үшін жапа шеккенін де әңгімеледі.
1951 жылы 23 қарашада Қаныш Сәтбаев қызметінен кетеді. Оған өзінің бай тұқымынан екенін жасырды, «Ер Едіге» жырын жариялады, ғылым академиясына пиғылы жат мамандарды көптеп қабылдап, саяси көрсоқырлық танытты деген айыптар тағылып, партиялық қатаң сөгіс берілді. Тіптен қамауға алу қаупі төніп, жанашырлары арқасында Мәскеуге кетіп, сол жақты паналап аман қалады. Бірер жылдан соң Қазақстанға оралғанымен Компартия басшылығы тарапынан тағы қысым көргені, өмірден өткен соң ғалымның атын ұмыттыру үшін жасалған айла-шарғы тыйылмағаны кітапта баяндалған.
Айтпақшы, кездесуде әуелі кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов, содан соң 1964 жылдың 31 қаңтарында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев бақилық болғанда қарақұрым халықтың марқұмдарды ақтық сапарларына қалай шығарып салғаны жайлы деректі фильмдерден үзінділер көрсетілді. Көрсетілімнің әсерлі болғаны соншалық, біраз адамның көзіне жас іркілді…
— Ұлт маңдайына бақ болып біткен екі арыстың көзі тірісінде кеудесі басылмаған қазақтың ұлылар өмірден өткен соң рухын сындыру саясаты жүргізілді, — деген Санжар Керімбай Қанышты ұшқан ұясында алған тәлім-тәрбиесі биікке көтергенін айта келе, әкесі Имантайдың жеті тәрбие қағидасы бүгінгі ата-аналарға бала тәрбиелеуде басшылыққа алынғаны абзал деген ойын білдірді.
Айтпақшы, «Қаныш және мәдени майдан» кітабы қоғамда дүмпу туғызып, автордың сөзіне қарағанда Түркістан, Арыс пен Түлкібаста мектептерде жаппай оқытылып жатыр екен. Осындай үрдіс Астана мен Алматы қалаларындағы бірқатар мектепте де қолға алыныпты. Автор осы орайда Екібастұз қаласындағы білім ошақтары басшыларына да ұсыныс жасады.
Кездесуді ұйымдастырған қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшылығы кітап авторы Санжар Керімбай мен Қаныш Сәтбаевты көзі көрген 93 жастағы майқайыңдық ақсақал Мұхтар Әбеновке шапан кигізіп, құрмет көрсеткен соң «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Сөз соңында «Отбасы хрестоматиясы» жобасымен шығатын жаңа кітаптарды күтіп жүрген оқырман қауымға сүйінші хабарымызды жеткізейік. Санжар Керімбай ендігі кезекте «Бейсембай және әдеби майдан», «Жұмабек және жер майданы» кітаптарын шығару жоспарланғанын айтып отыр.
Ж. Жәлелұлы
