Тарихы терең, рухы биік Ақкөл ауылы биыл жазда 90 жылдық мерейтойын атап өтуді көздеп отыр. Сол тойдың беташарын Екібастұз қаласында жасау ұйғарылып, 13 сәуір күні «Өнер» мәдениет сарайында «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы…» атты концерт өткізілді. Аталмыш концерттің ерекшелігі — онда Ақкөл-Жайылма өңірінің өнерлі ұл-қыздары өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама «Қазақ Елі», «Исабек ишан», «Естай ақын» және «Ақкөл ауылы» бөлімдеріне жіктеліп, тақырып мазмұнын ашатын әндер орындалып, өлеңдер оқылып, Ақкөл-Жайылма өңірінің әсем табиғаты, әйгілі перзенттері жайлы түсірілген «Ежелгі қоныс — құт мекен» деректі фильмінен үзінділер және «Салбурын», «Көкбөрі — көкпар» бейнероликтері көрсетілді.
— Қымбатсың, Жайылма-Ақкөл, туған жерім,
Сенде қанша төгілген маңдай терім.
Мәңгілік алтын бесік көнере ме,
Өсірген өзі баптап өрендерін, — деген Жәлел Сәдуақасовтың бір шумақ өлеңімен сахна шымылдығы түріліп, күйші Ілияс Көпежанов әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйін орындап, көрермен қауымды рухтандырды.
Ақкөл ауылдық клубының мәдени қызметкері Дана Шегендік «Текті қазақ» әнін орындаған соң, әнші-сазгер Жомарт Қабыкенов «Ақкөл-Жайылма» әнін шырқап, көрермен қауым экраннан тоғыз көлдің сұлу табиғатын қоса көріп, туған жерге деген ыстық сезімді сезінді.
Сол тоғыз көлдің бірі — Қылдыкөлде әулие Исабек ишан мәңгілік дамылдап жатыр. Исабек ишан — Ақкөл-Жайылманың киесі. Көркемсөз оқу шебері Асхат Аманкелді ұстазы Исабек ишан өмірден өткенде Мәшһүр Жүсіптің шығарған жоқтауынан үзінді оқып, тыңдаушы көңілін толқытты. Ал Жомарт Қабыкенов: «Асық атып, асыр салған, Әліппе ашып, білім алған, Балалық шақ ізі қалған, туған ауылым» деп «Ауылым-аңсарым» әнін шырқап тебіренгенде көрермен қошемет білдіріп, әннің қайырмасын қосыла айтты.
Бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Естай ақынға арналған бөлім де тыңдаушы көңілінен шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ербол Айтбаев «Құсни-Қорлан» әнін, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Аманкелді Қожанов «Сандуғаш» әнін нақышына келтіре орындап, Асхат Аманкелді ақын Ғалым Жайлыбайдың «Ғайып құсы» өлеңін оқыды.
— АқкөлімІ
Ауылым менің — мақтаным,
Жерұйық сендей таппадым.
Ғажайып мына дүниеге
Өзіңде қадам аттадым.
Анамдай сүйді елжіреп,
Арайлап атқан ақ таңың.
Сәбилік тілмен былдырлап,
Атыңды сонда жаттадым, — деп Жассерік Жәлелұлы жырлағандай, концерттің соңғы бөлімі Ақкөл ауылына арналып, әнші Сұңғат Көпежанов әнші-сазгер Оташ Кәрімовтің «Ақкөлім» әнін, Дархан Илеубаев «Көкбөрі-көкпар» әнін, Жанар Әкішева «Адамнан ауыл көшпейді» әнін орындап, ел-жұртқа туған жерінің қадірін жеткізіп, сағынышын маздатты.
Ара-арасында Ақкөл орта мектебінің оқушылары: Ақниет Мэлс «Ескі жұрт», Жеңісгүл Мэлс «Атам зираты», Ділназ Мәулітова «Белгітас», Нұрмұхаммед Қабдырашид «Береговая» өлеңдерін жатқа мүдірмей оқып, тыңдаушылар алғысына бөленді. Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, концертті ұйымдастырушылар оқушыларды әзірлеген Ақкөл ауылдық клубының меңгерушісі Нұрбике Қағазбаеваға ризашылық білдіреді.
Концерттің табысты өтуіне күйші Ризабек Үт, әнші Аязбай Төлеубаев, «Мұрагер» халықтық-вокалдық ансамблі, кеш жүргізушілері Бауыржан Кәкімов пен Динара Базарбекова, «Ауылда кездесейік, ағайын» сахналық көрінісіндегі кейіпкерлерді сомдаған Гауһар Кәрімова, Гүлжаһан Міртемірова мен Жомарт Қабыкенов, бейнебаяндарды әзірлеген Азамат Қабыкенов елеулі еңбек сіңірді.
— Ақкөл ауылының 90 жылдығына арнап концерт ұйымдастыру идеясын ауылдасымыз Жомарт Ахмедьянов ұсынған еді. Өзге де азаматтар қолдап, көптеп көмегін тигізді. Бізге қолдау жасаған қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен «Өнер» мәдениет сарайының басшылығына да алғыс айтамыз, — деген жоба авторы, ақын-журналист Жассерік Жәлелұлы бір кісідей жұмылып концертті тамашалаған көрермен қауымға шексіз ризашылығын жеткізді.
Сөз соңында айта кететін жайт, концерттен түскен қаражат жазда болатын тойға тарту етілді.
Ж. Жәлелұлы