Қазақ музыкасының аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, халық жүрегінен мәңгілік орын алған саз шебері, күймен елді тербеткен дирижер, жүрекпен сөйлеген композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына биыл — 100 жыл.
Осы атаулы күнге орай, 10 сәуірде «Атамұра» мәдениет орталығында сазгер шығармашылығына арналған «Күй күмбірі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл сазгер рухына деген тағзым ғана емес, қазақ күй өнерінің киесін ұлықтаған мазмұнды да мағыналы шара болды.
Кештің алғашқы сәтінен-ақ сахна төрінде Нұрғиса Тілендиевтің бейнесі көрініп, зал ішін қазақ күйінің коңыр сарыны тербетті. Бұл көрініс көрерменді бірден ұлттық әуен әлеміне жетелеп, жүрек пернесін дәл басқандай әсер қалдырды. Шара жүргізушілері Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолынан бастап әрбір шығармасының маңызын, астарлы мәнін шебер баяндай отырып, тыңдарманға терең рухани толғаныс сыйлады.
Кеш барысында көрермен қауым қазақтың күй өнеріне терең бойлап, «Аққу», «Алаш аманаты», «Ата толғауы», «Балбырауын» секілді туындыларды тыңдау бақытына ие болды. Алғашқы орындаудан-ақ жүректі шымырлатқан Қайрат Тоханның «Аққу» күйіне биші Айша Хайырованың нәзік қимылдары қосылып, көрерменге шынайы өнерді ұсынды. Аққудың наздана қалықтаған бейнесі күй әуезімен өріліп, сахнада тірілгендей әсер қалдырды.
Күйдің қуаты мен ішкі еркіндігін сездіре түскен келесі шығарма Қабдікәрім Медіғаттың орындауындағы «Адай» күйі болды. Бұл туындыдан тек әуен ғана емес, тұтас ұлттың мінезі, даланың дауылы мен тұлпардың дүбірі сезілді. Осыдан кейін жүргізушілер күйдің табиғатын тереңірек талдап, оның Нұрғиса шығармашылығындағы орны мен тарихи маңызын ашып көрсетті.
Осы ойды сабақтай түскендей, «Домбыра күмбірі» үйірмесі орындаған «Алаш аманаты» күйі сахнада ұлт үнін жаңғыртып, өткеннің аманатын бүгінге жеткізгендей болды. Жомарт Қабыкеновтің жетекшілігімен сахнаға шыққан жас домбырашылардың орындауы ұрпақ сабақтастығының нақты көрінісі еді.
Кештің мазмұнын арттыра түскен бір сәт — күйші Секен Тұрысбектің Нұрғисаның «Ата толғауы» күйі туралы айтқан пікірі болды: «Бұл күйде қазақтың толғанысы, болмысы бар» деген сөздер көрермен санасына терең сіңіп, артынша сахна төрінде «Атамұра» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Ата толғауы» күйі сол ойды әуен арқылы толықтыра түсті. Ансамбль орындаған Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі — батырлықтың, рух пен намыстың сарынын жеткізсе, кейін сахнаға шыққан №26 мектеп оқушылары мен «Art Production» өнер мектебінің домбырашылары орындаған заманауи попурри ұлттық өнердің жаңаша тынысын көрсетті. Жетекшісі Сымбат Жақышева шәкірттеріне күй арқылы тек шеберлік емес, өнер арқылы тәрбиені де қатар сіңріп келе жатқанын анық аңғартты.
Нұрғиса Тілендиевтің композиторлық болмысы тек нотада емес, ол — табиғат пен адамның ішкі үндестігін жүрекпен сезінуден туған тереңдік. Оның «Құстар қайтып барады» әнінің шығу тарихы — соның жарқын дәлелі. Алматы саябағында тырналар мен қарғалардың әрекетіне куә болған сәттен туған бұл ән — адамның ішкі жан күйзелісі мен табиғат болмысының үнін бір жерге тоғыстырған туынды. Осы бір тағдырлы әнді сахнада Заяна Бастемиева тебірене орындап, тыңдарманды терең ойға батыра білді.
Кештің әрбір сәті Нұрғиса рухына тағзым, қазақ күйіне құрмет, болашаққа жол тартқан өнер аманаты болды. Күй мен ән кезектесе өріліп, саз бен сөздің арасынан қазақ халқының жан әлемі көрініс тапты. Қонақтар мен жүргізушілердің салиқалы сөзі, әрбір шығарманың шығу тарихын тереңнен тарқата баяндауы кеш мазмұнын байытып, рухани деңгейін көтере түсті.
Шара соңында «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева кешке белсене қатысқан өнерпаздарға алғыс білдіріп, арнайы марапаттар табыстады. Олардың қатарында Сымбат Жакишева, Айша Хайырова, Бақтыгүл Шаихова сынды ұлағатты ұстаздар мен дарынды өнерпаздар бар.
Ділназ Серікбай


