«Павлодар-Қарағанды» тас жолындағы ауысым кезінде МКҚБ 2-ПБ взвод командирі, полиция лейтенанты А.Арынов жолдағы ер адамды көріп, тоқтады. Мән-жайды анықтай келе, 1993 жылғы К. Chevrolet Cobalt маркалы автокөлікті айдап келе жатып, рөлде қалғып кеткені белгілі болды.
Соның салдарынан бірнеше рет аунаған автокөлік жыраға құлап, төбесімен түскен. Жағдайды жырадағы еріген қар суы қиындата түскен. Төңкерілген көліктен өзі ғана шықан К. көмек сұрауға ұмтылыпты. Айтуынша, апатқа ұшыраған көліктің ішінде әлі де екі әйел мен ер адам, екі кішкентай бала қалған.
2-ПБ полицейлері (полиция аға сержанттары А.Сердалин, П.Погожев, А.Нарымбаев, Р.Бейсенбаев, Н.Әкімбаев, полиция сержанты А.Қабиболла, полиция кіші сержанты Д.Манат) полиция лейтенанты А.Арыновтың басшылығымен дереу оқиға орнына жетті. Автокөлікті аударып, салондағы азаматтарды қауіпсіз жерге шығарды. А.Арынов жырадағы суға тұншыққан ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жасанды тыныс алғызды. Содан соң есін жиған азаматты басқа зардап шегушілермен бірге жедел жәрдем көлігіне отырғызды. Олар орталық ауруханаға жеткізілді.
— Бұған дейін де 2-полиция батальонының қызметкерлері антына адалдығын ісімен дәлелдеген болатын. Осы жолы да қызметкерлеріміз бекітілген алгоритмге сәйкес іс-әрекеттерді қалтқысыз орындады. Бұл қызметкерлеріміздің кәсіби даярлығын арттыру мақсатында атқарылған шаралардың нәтижесі деп білемін, — дейді Павлодар облысы МКҚБ 2-полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі Нұрлан Рысқалиев. — Сонымен қатар, оқиға орнына ТЖМ, жедел жәрдем қызметкерлерін жіберіп, оқиғаның нақты координаттарын беріп отыратын кезекші бөлім қызметкерлері — полиция аға лейтенанты Елдос Рысовтың және полиция аға сержанты Берік Рамазановтың есімдерін де атап өткім келеді. Ішкі істер органында осындай қызметкерлер бар кезде еліміздің ұйқысы тыныш боларына кәміл сенемін.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ

