Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева тұрғындарды әлеуметтік тұрғыда қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндады.
Мемлекеттік қолдаудың түрлі форматтағы тетіктерін қамтитын жобалар жұмыссыз жүрген азаматтарға уақытша немесе тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, еңбек тәжірибесін жинауға және жаңа салада өзін сынап көруге мүмкіндік беріп отыр.
Солардың бірі — «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы. Бұл жоба алғаш еңбек жолын бастаған, жұмыс өтілі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Жастардың еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау мақсатында қолға алынған бұл бастамаға қатысу үшін үміткердің студенттік мәртебесі болмауы тиіс. Бағдарламаға қатысушы 18 айға дейінгі мерзімге жұмысқа орналасып, ай сайын кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде еңбекақы алады. Ең бастысы — жұмыс беруші бағдарлама соңында қатысушыны тұрақты жұмысқа қабылдауға міндетті, бұл өз кезегінде жастардың тұрақты табыс көзіне ие болуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, жастардың мамандығына сай тәжірибе жинауына бағытталған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Бұл жобаға жоғары оқу орнын немесе колледжді тәмамдағанына бес жылдан аспаған, бірақ мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жасқа дейінгі түлектер қатыса алады. 12 айға дейінгі мерзімді қамтитын бұл бағдарламаға қатысушыларға ай сайын 30 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Аталған сома 2025 жылы 117 960 теңгені құрамақ.
Бұдан бөлек, әлеуметтік жұмыс орындары да халықты уақытша жұмыспен қамтудың маңызды тетігі ретінде ұсынылып отыр. Бұл жоба аясында жұмыс беруші қызметкерге жалақыны өзі төлейді, алайда мемлекет оның 35 пайызын субсидиялайды. Қолдау мерзімі 12 айдан аспауы тиіс, ал ең жоғары субсидия көлемі 2025 жылы 94 368 теңгені (24 АЕК) құрайды. Қазіргі таңда Екібастұз қаласында 68 азамат осы бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан болса, Enbek.kz порталында тағы 70 бос жұмыс орны ұсынылуда. Бұл — еңбекке белсенді араласқысы келетін азаматтар үшін нақты мүмкіндік.
Қоғамдағы еңбек сабақтастығын сақтау мақсатында іске қосылған маңызды бастамалардың бірі — «Ұрпақтар келісімі» бағдарламасы. Бағдарлама шартына сәйкес, 35 жасқа дейінгі және оқуын тәмамдағанына үш жылдан аспаған түлектер зейнеткерлікке үміткер қызметкердің орнында алты ай жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинайды. Осы уақыт ішінде олар аға буын мамандарынан білім мен дағды алып, кейін сол қызметкердің орнын басып, тұрақты жұмысқа орналасуы мүмкін. Жалақы мөлшері бұл бағдарламада да кемінде 30 АЕК болып белгіленген, яғни, 117 960 теңге.
Бөлім басшысы аталған бағдарламалардың барлығы мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және азаматтарды еңбекке ынталандыруға бағытталған тиімді құралдары екенін атап өтті. Себебі әрбір бастама тек жұмыссыздықты азайтуға ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы белсенділік пен өзара қолдауды нығайтуға сеп болады.
Ділназ Серікбай