Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспарлау және қызметті талдау бөлімінің басшысы Темірлан Бесенов халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер туралы кеңінен баяндады.
Маманның айтуынша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, халықтың денсаулығына ықпал етуі мүмкін қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қоғамдық тамақтану орындары, білім беру мекемелері, сұлулық салондары, өндірістік кәсіпорындар және басқа да эпидемиологиялық тұрғыдан маңызды нысандар алдымен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет. Бұл — нысанның санитарлық талаптарға сәйкестігін растайтын ресми рұқсат құжаты.
Бүгінде бұл қызмет толықтай электронды форматқа көшірілген. Өтініш берушілер www.egov.kz электронды үкімет порталы арқылы құжаттарын тапсырып, қызметті қашықтан ала алады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба қажет. Өтінішке нысанның техникалық төлқұжаты, ішкі жоспары және басқа да қажетті құжаттар қоса тіркеледі. Барлық рәсімдер автоматтандырылған, бұл қызметтің жылдам әрі ашық көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды үш негізгі жағдайда: эпидемиологиялық маңызы бар нысандардың талапқа сәйкестігін анықтаудан, жаңа өнім түрлері мен жобалық құжаттамаларға санитарлық бағалау жүргізуден және қоршаған орта мен адам денсаулығына ықтимал әсері бар факторларды сараптаудан соң беріледі. Қызмет көрсету мерзімі өтініш түріне қарай 10–13 жұмыс күні аралығын қамтиды.
Темірлан Бөкенбайұлы сәуір айынан бастап санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға қатысты ережелерге бірқатар өзгерістер енгізілгенін де атап өтті. Енді нысандардың санитарлық талаптарға сай келуінен бөлек, олардың қоршаған ортаға әсері де ескеріледі. Химиялық, физикалық және биологиялық қауіпсіздік деңгейлері мұқият сараланады. Осыған байланысты, өтініш беруші нысанның техникалық төлқұжаты мен жобалық-сметалық құжаттамасымен қатар, санитарлық төлқұжат пен қажет болған жағдайда зертханалық сынақ нәтижелерін де ұсынуы керек. Құжаттардың толық әрі дұрыс толтырылуы өтініштің дер кезінде қаралуына ықпал етеді. Ал талаптарға сай келмеген жағдайда өтініш кері қайтарылады.
Басқарма мамандары мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аударылатынын айтты. Қызмет көрсету кезеңдері барынша ашық әрі қолжетімді. Азаматтар қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда 77-50-19 байланыс нөмірінен толық ақпарат ала алады.
Ділназ Серікбай