Адам әлеуметтік жаратылыс болғандықтан, паразиттермен байланысқа түспеу мүмкін емес. Қазіргі кезде адамдардың шамамен 80 пайызының бойында түрлі паразиттер бар екен. Ол ортақ қолданыстағы заттардан (қоғамдық орындарда), судан, ыдыстан, дұрыс өңделмеген тағамдардан, адам не жануарлармен араласудан жұғуы мүмкін. Паразиттердің түрлері мен олардың жұғу жолдары туралы қаламыздағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Телеубайқызы айтып берді. Бөлім басшысының айтуынша, паразиттердің бар-жоғы зертханалық жолмен анықталады.
Паразиттердің, әсіресе, энтеро-биоздың кішкентай балалардың арасында көп таралатыны белгілі. Сол себепті мұндайды «лас қолдар ауруы» деп те атайды. Осы орайда СЭБ маманы тазалықты бала жастан үйретудің маңызы зор екенін атап өтті.
Екібастұз аймағында былтыр энтеробиоз жұқтырудың — 10, лямблиоз — 48, аскаридоздың — 1, описторхоздың — 1 жағдайы тіркелген. Бұдан басқа, саңырауқұлақтар мен паразитті жәндіктер де ауру тудырады. Бірқатар адамда дерматикоз, педикулез (9 жағдай), қышыма (5 жағдай) аурулары анықталған.
— Энтеробиозға 17 адам шалдықса, соның 9-ы мектеп жасындағы балалар екені белгілі болды. Ал аскаридоз медициналық тексерілуден өткен ересек адамнан табылды. Бұл ауру көкөністерден көп жұғады. Сондықтан базардан әкелген көкөністер мен жемістерді жумай қолданбаған дұрыс, — деп сақтандырды Б.Бекбаева.
Лямблиялар топырақтан, судан тарайды. Оның микроскопиялық ұсақтығы сонша, тіпті шыбынның аяқтарына ілесе келуі де мүмкін. Адам организміне түскен лямблиялар ішек пен өт жұмысын бұзып, өтті қоюлатады, аллергия тудырады. Описторхоз да өт жұмысын нашарлатады. Ол шикі, қақталған, тұздалған тұқы тұқымдас балықтардан (әсіресе, тұқы тұқымдастардан) көп жұғады. Сондықтан сушиқұмарлар да денсаулықтарына абай болғаны дұрыс.
«Аса қауіпті паразиттің бірі — эхинококк көбіне жануарлардан жұғады. Ит-мысықты сипағанда, тіпті малды сауып не жүнін қырыққанда да жұқтырып алу қаупі бар. Оның қауіптілігі сол — ауру бірнеше ай, тіпті бірнеше жыл бойы білінбеуі мүмкін. Эхинококкозды тек хирургиялық жолмен емдейді», — дейді маман.
Паразиттердің таралуының алдын алу үшін өңірде санитарлық-паразитологиялық мониторинг жасалады. Осы орайда 2024 жылы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары ашық су көздерінен 18 сынама алды. Сынамалар нәтижесі аталған суқоймаларда паразиттер бар екенін көрсетті. Бұдан басқа, сауда орындарындағы жеміс-жидектерден — 85, мектептерден 1560 шайынды сынама алынған. Олардың 77-сінен острица паразиті шықты.
Сонымен қатар, тұрғын үй аулаларындағы балалар ойнайтын жерден 117 топырақ пен құм сынамасы алынған. Олардың төртеуінен кейбір шағынаудандарда аскарида бар екені анықталды. Осы жерде айта кетсек, көпқабатты тұрғын үй ауласындағы балалар алаңынан паразиттер шыққан жағдайда СЭБ тарапынан ТҮКШ бөліміне хат жазылып, ПИК-тер сол жердегі топырақтарды ауыстыруға міндеттеледі.
2025 жылдың 3 айында мамандар ашық суқоймалардан 16 сынама алды.
Паразиттерден аулақ жүру үшін ең алдымен тазалықты сақтаған дұрыс. Сондай-ақ, иммунитетті нығайтып, организмдегі өзгерістерге көңіл бөлген жөн.
Г. ҚУАТҚЫЗЫ