Сенбі күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпы облыстық тазалық күні өткізілді. Акцияға екібастұздықтар да атсалысты. Қала тұрғындары көшелер мен аулаларды жинастырып, тазалауға шықты.
Бұл күні сапаржай алдындағы Мәшһүр Жүсіп ескерткіші түбінде жұмыс қызып, көпшілік көшеттерді отырғызуға жұмылды. Ағаш егуге қаламызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, сондай-ақ, депутаттық корпус пен еңбек ардагерлері, қала құраушы және коммуналдық кәсіпорындар, бизнес нысандары мен ерікті жастар қатысты. Жүзден аса әр түрлі техника жұмылдырылды.
Жиналғандар ортаға келген көшеттерді бөлісіп, ескерткіштің қос қапталына еге бастады. Оң қанатқа ойысқан депутаттар мен қала белсенділері көшет отырғызып, су құйып жатыр. Сол жағында жастар орталығы бастаған волонтерлер қызу жұмысқа кірісіпті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов пен қала басшысы Аян Бейсекин жастармен әңгімелесіп, ортақ іске жұмыла кіріскендері үшін алғыстарын білдірді.
— Студент кезімде Астана қаласындағы «жасыл белдеуді» құруға атсалысқан едім. Қазір ол ағаштар көптің көз қуанышына айналды. Сендердің бүгін еккен көшеттерің де тамыры бекіп өсіп, шаршаған адамға көлеңке болары сөзсіз, — деді қала әкімі Аян Уахитұлы.
Серік Батырғожинов қаламызда абаттандыруға көп көңіл бөлініп жатқанын, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда, сапаржайды жөндеуге ірі кәсіпорындар демеушілік жасағанын атап өтті.
— Екібастұз қаласының экономикалық әлеуеті мықты болуына кәсіпорындар зор үлес қосып келеді. Демеушілік көмегімен алдағы уақытта қысқы спорт сарайын салу жоспарланып отыр, — деген облыс әкімінің орынбасары көгалдандыру жұмысына да көп көңіл бөлу қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан жас еріктілердің «Тазалық айлығына» қосып жатқан үлесі туралы әңгімеледі. Волонтерлер көктем басталысымен ескерткіштердің маңын тазалауды бастапты. Алдағы уақытта олар жастар орталығы ұйымдастыратын экотурға қатысады.
Бұл күні ескерткіш маңына 23 шырша, 27 жапырақты долана ағашы отырғызылды. Көшеттер жасыл желектерді суару жөніндегі жұмыс жоспарына енгізілді. Алдағы сенбіліктерде 1500 көшет егу көзделген екен. Қала әкімінің айтуынша, осы жылы қаламызда 10000 көшет отырғызу жоспарланыпты.
Г. ҚУАТҚЫЗЫ

