Жыл сайын жазғытұры Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзенінің сағасымен су босатылады емес пе. Етектегі шаруалар қауымы күтіп жүрген осы оқиға 5 сәуір күні болып, №112 гидроқұрылғының қақпасы жоғары көтерілді.
Су жіберудегі негізгі мақсат Ақкөл-Жайылманың табиғатын қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, көлдердің суын толықтыру болып саналады.
Былтырғы жылы каналдан 87 миллион текше метр су жіберілсе, биылғы жылы 120 миллион текше метр су босатылады. Осылайша, Екібастұз өңірінің Екібастұз, Ақкөл және Сарықамыс ауылдық округтері аумағындағы лимандар мен Ақтоғай ауданының Жалаулы, Жолболды ауылдық округтері аумағындағы лимандар суға қанығады. Сонымен бірге, №108 гидроқұрылғы арқылы Шиқылдаққа су босатылады. Қазіргі уақытта су Шідерті су арнасы бойымен ағып Шығанақ көліне жіберіліп жатыр. Осы аптаның аяғына қарай көлтабанды шабындықтар су ала бастайды. Сол уақытта тәулігіне 1800 мың текше метр су босатылатын болады.
Ж. Жәлелұлы